ІЗГІ ҚОҒАМ ІЗЕТТІЛІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Өткен айда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы имамдарға бағдарлық баяндамасын жолдап, 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялаған болатын.

Бас мүфти бағдарлық баяндамасында: «Біздің халық алдындағы басты міндетіміз – жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тосу, ізгі қоғам құруға қадам жасау. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Осы жыл аясында қоғам игілігіне арналған бірқатар іс-шараларды атқару міндеті тұр.Расында, біз елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Біз үшін қоғамның тұрақтылығы мен рухани бірлігі маңызды. Осы мақсатта дін қызметкерлері мұсылман қауымының бірлігін нығайтып, берекелі, ізгі қоғам орнатуға ықпал етіп келеді» деген еді.

Төралқа мәжілісінде ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтият 2023 жылы жұмысты одан ары жүйелеу, жандандыру мақсатында бес бағытқа басымдық беретінін атап өтті. Олар – дін мен дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру.

Біздің ойымызша, ізгі қоғам құру сыйластықтан, бауырмалдықтан, кішіпейілділіктен, кешірімнен, жалпы айтқанда ізеттіліктен басталады. Үлкен ата-әжелеріміз бізге өсиет айтқанда «бір-біріңді тіріңде құрметтеңдер» деп отырушы еді. Өсе келе бұл сөздің мәнін ұға бастадық. Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің бірінде тіріңде сыйласпасаң, өлгенде жылама деген ойды алға тартады. Қазір, өкінішке қарай, адамдардың тірісінде қадіріне жете алмай жатырмыз…

Заманында би болған Саққұлақ дейтін данышпаннан сыйластық туралы сұраған екен. Сонда Саққұлақ би: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деп жауап берген екен.

Құдайдың разылығын көздеп, өзгелерге үнемі құрмет көрсетіп, ілтипат білдіріп жүретін тақуа пенде бір күні Алла мен адамдардың сый-құрметіне бөленеді екен. Құдси хадистердің бірінде Алла Тағаланың сый-құрметіне, мейірімі мен махаббатына бөленген адам жайлы былайша баяндалады: «Алла Тағала бір пендесін сүйсе, Жәбірейіл періштені шақырып: «Уа, Жәбірейіл! Мен пәлен құлымды сүйдім, сен де оған сүйіспеншілікпен қара» дейді. Сонда әлгі пендені Жәбірейіл де сүйіп, аспан тұрғындарына: «Уа, аспан тұрғындары! Жаратушымыз Алла Тағала пәлен құлды сүйді. Сіздер де оған сүйіспеншілікпен қараңыздар» деп жар салады. Осылайша жер бетінде де әлгі пендегі қабылдық жазылады». Белгілі хадис ғалымы Ибн Хажар «қабылдық жазылады» дегенді былай түсіндірген екен: «Яғни жер бетіндегі күллі жан иелерінің жүректерінде оған деген махаббат, сүйіспеншілік һәм разылық орнайды».

Жүректің иесі – Алла. Демек, Хақ Тағала өзі сүйген пендесінің дәрежесін арттырып қояды. Басқа адамдардың жүрегіне сол пендесі жайлы жақсы ой салып қояды. Сөйтіп әлгі тақуа пенде айналасындағы адамдардың сүйіспеншілігіне бөленеді. Мұның бәрі Алланың әмірі бойынша жүзеге асады. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жүректер Рахман Алланың иелігінде» деген. 

Жүректі ізгілікке бөлейтін қасиеттердің бірі – кішіпейілділік. Кішіпейіл болған адам дініміздің асыл құндылықтарын мінезі, сөзі, бүкіл болмысы арқылы насихаттай алады. Оның кішіпейіл мінезінен Исламның баға жетпес құндылықтарын көресің. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ұлық Алла үндемегенді бай, ысырап жасағанды кедей етеді, кішіпейіл болғанды көтереді (мерейін үстем етеді), тәкаппардың сағын сындырады» деген хадисі көп нәрсені аңғыртып тұр. Лұқман хәкімнің: «Барлық нәрсенің құралы бар, амалдың құралы – кішіпейілділік» деген сөзінде де үлкен мән жатыр. Қоғамда адамдар бір-біріне қаншалықты кішіпейіл болған сайын олардың арасында соншалықты сүйіспеншілік, бауырмалдық, бірлік сынды қасиеттер қалыптасады.

Бауырмалдық – ізгі қоғам құрудың негізгі бастауларының бірі. Алла Тағала Құранда: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп баяндайды. Мұсылмандардың бір-біріне бауыр болуы – Алла Тағаланың мейірімі. Ендеше, мұсылман баласы қалайша бұл нығметтен бас тартпақ?

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына насихат айтқан кезде олардың бір-біріне бауыр екенін үнемі естеріне салып отыратын. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Бір-біріңе өш болмаңдар, бір-біріңе көреалмаушылық қылмаңдар, бір-біріңнен теріс бұрылмаңдар. Бір-біріңмен қарым-қатынасты үзбеңдер. Алланың құлдары ретінде бір-біріңе бауыр болыңдар. Мұсылманға бауырына үш күннен артық ренжуіне болмайды» деп ескерткен. Бұл хадиске амал етуді қалаған адам ренжіп жүрген танысын кешіріп, Алла разылығы үшін кешіргенін оған ашық айтып, арадағы бауырмалдық байланысты арттыруға бірінші болып қадам жасауы керек. Адамдар арасында осындай бауырмалдық қасиеттер артса, біздің қоғам ізгілікке қарай қадам басады. Қоғамның өзі жекелеген адамдардан құралады емес пе? Ендеше, ізгі қоғам құруға бәріміз үлес қосайық!

Самат ӘЛІБАЕВ,

Батыс Қазақстан облысының бас имамы