ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАҢА ЕҢБЕГІ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Облыстық С.Торайғыров атындағы орталық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Mazhab.kz» ислами-ағартушылық порталының редакторы Амантай Тойшыбайұлының «Адам бол» кітабының тұсаукесері болып өтті. Шараға қаламыздағы ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, жастар-студенттер, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе –колледжінің шәкірттері қатысты.

Шара барсында облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Қабаев Қанат, жазушы Серік Сатыбалдинов, ғалым, профессор Бекен Сағындықұлы, ақын жазушы Айбек Оралханов, ардагер кітапханашы Назым Шайкенова қатарлы біршама адамдар А.Тойшыбайұлының шығармашылығы жайлы өз пікірлерін білдіріп, табыс тіледі.

Елімізге танымал батагөй ақсақал Балтабай Сыздықов пен «Ақсақалдар тағлымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермек Жұматов жазушыға  зор табыс тілеп, алқалы бата беріп, «Адам бол» кітабына жолашар жасады.

«Адам бол» кітабында автор шағын, ойлы жазбалар стилін таңдаған. Кітап мазмұны адам баласының өмір сүрудегі, іс-әрекет етудегі мәні мен мазмұны не деген сұраққа жауап іздеп, қысқа-нұсқа талдайды. 

Жаңа кітап «Жай ғана қарапайым бол!», «Әр таңды  қуанышпен қарсы ал!», «Өміріңнің бірде-бір  күніне өкінбе!», «Үнемі риза болып өмір сүр!», «Жақсы адам бол!», «Жарықтан жарыққа қарай жүр!», «Күн сайын жаңа өмір баста!», «Әр күн ғажайып!», «Өмір бұл мүмкіндік!» және қорытынды тараулардан тұрады.