Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының бастамасымен конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған жаңа алаң – «YNTYMAQ» комьюнити орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған шара өңірдегі татулықты, өзара түсіністік пен қоғамдық келісімді бекемдеуге бағытталды.
Жаңа орталықтың басты мақсаты – діни бірлестіктер арасындағы сындарлы байланысты сақтау, өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыру бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру және деструктивті идеологияларға қарсы тұрудың заманауи алаңын қалыптастыру.
«YNTYMAQ» комьюнити орталығы дін саласындағы өзекті мәселелерді «бір терезе» қағидаты бойынша қарастыратын өңірдегі негізгі идеологиялық тұғырнама болмақ. Мұнда азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қатар кәсіби заңгерлік және теологиялық консультативтік көмек көрсетіледі.
Орталық конфессия өкілдерінің ашық диалог алаңына айналып, рухани тұрақтылықты нығайту, діни ахуалды кешенді талдау, конфессияаралық келісімді дамыту және қоғамдағы толеранттылық деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізеді.





