Бүгін аудан орталығында игілікті іс жүзеге асып, жаңа мешіттің ашылу салтанаты өтті. Рухани шара ағаш отырғызудан басталып, қасиетті Құран бағыштаумен жалғасын тапты. Аспан астын азан дауысы тербеп, имандылықтың шуағы шашылған игілікті сәт орнады. Халқымыздың рухани тірегіне айналатын жаңа мешіт есігін айқара ашты. Салтанатты жиынға аудан әкімі М.Өмірәлиев, Батыс Қазакстан облысының бас имамы С.Әлібаев, құрылыстың демеушілері Ибрашевтар әулеті және аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік жиынға арнайы қатыскан мәртебелі меймандардың лебізі де салмақты болды. Алдымен аудан әкімі барша жиналған қауымды құттықтап, ел игілігі үшін жасалған бұл істің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ел даналығында «Жомарттық — жанның айнасы” дегендей, мешіт құрылысының демеушілері Ибрашевтар отбасына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Өз кезегінде Батыс Қазақстан облысы бас имамы С.Әлібаев игі тілегін білдіріп, мешіт құрылысына атсалысқан азаматтарды марапаттады.
Іс-шара барысында демеуші Б.Ибрашев та сөз сөйлеп, ақжарма тілегін жеткізді. «Жаңа мешіт — имандылыктың ордасы, бірліктің белгісі. Ел игілігіне қызмет етіп, әр шаңыраққа береке мен ынтымақ, ырыс пен молшылық тілеймін» деді.
Аудан бас имамы Ә. Нұрбергенұлы: «Құрметті ағайын! Бүгін біз қасиетті мешіттің ашылу салтанаты өткен болатын. Бұл – имандылықтың, бірліктің, елдіктің нышаны. Алла Тағала бұл мешітті жамағатпен толтырсын, иманымызды күшейтетін орын қылсын!»
Шыңғырлау ауданындағы мешіттің тарихына қысқаша тоқтала кетсек, 1998 жылы аудан орталығында мешіт салу жоспары қолға алынған болатын. Осы игі істің бастауында ел ағаларының бірі Байдушев Берік ағамыздың отбасы тұрса, бірлесе атқарылған құрылыс жұмыстарының нәтижесінде 2000 жылы 80 адамға арналған мешіт халық игілігіне берілді.
Алғашқы жылдары мешіт қызметінде Ердібеков Сапарғали атамыз, Байдушев Берік ағамыз және есеп-қисап жұмыстарында Адигамова Зубаржат әжеміз аянбай еңбек етіп, мешіттің қалыптасуына зор үлес қосты. Бүгінде бұл кісілердің есімдері мешіт тарихында алтын әріптермен жазулы.
2023 жылы мешітте ішкі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда, 2025 жылы Ибрашевтар әулетінің бастамасымен мешітті толық жаңғырту мәселесі көтеріліп, бұл ұсыныс Қоғамдық кеңесте қаралып, оң шешімін тапты.
Сол жылдың тамыз айында ескі мешіт ғимараты толықтай бұзылып, жаңа мешіттің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарын қолға алған азаматтарымыз ешқандай қаражат жинамай, қысқа мерзім ішінде заман талабына сай, зәулім мешіт салып беруге уәде еткен болатын.
Мешіт – құлшылық ордасы ғана емес, ол – бірліктің, бауырмалдықтың, тәрбиенің және білімнің ордасы. Бүгінгі жаңа мешіттің бой көтеруі – болашақ ұрпаққа рухани мирас болып қалатын игі іс.
Алла Тағала осы мешітті салуға атсалысқан азаматтарға сауаптан жазсын! Жаңа мешітіміз жамағатқа рухани азық беретін, ұрпаққа имандылық дарытатын киелі орда болғай!









