Мың айдан да қайырлы Қадір түніне арналған рухани бағдарлама аясында «Ар — Рахман» мешітінде Рамазан айы бойы тарауық намазын жүргізіп, жамағатқа Құран аяттарын әуезді мақаммен оқып берген қариларға құрмет көрсетілді.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы және орталық «Ар — Рахман» мешітінің бас имамы Самат Қанатқалиұлы қасиетті айда құлшылықты көркейтіп, жамағаттың рухани сусындауына үлес қосқан қариларға алғыс айтып, арнайы марапат табыстады. Дәстүрге сай иықтарына шапан жабылып, олардың игі қызметіне береке тілеп, дұға жасалды.
Сондай-ақ мешітке жиналған ақсақалдар мен жамағат өкілдері қариларға батасын беріп, ризашылықтарын білдірді. Қасиетті айда Құранмен қауыштырған қарилар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.



