Ағымдағы жылдың 22 ақпан күні ҚМДБ Әйел-қыздар секторының БҚО өкілдігіне қарасты мешіт ұстаздарының және «Руханият» қоғамдық бірлестігінің әйел теолог — мамандарының ұйымдастыруымен балаларға арналған «Ғажайып Рамазан балы» атты рухани-танымдық балалар кеші өткізілді.Шараның басты мақсаты — қасиетті Рамазан айының қадір-қасиетін балаларға дәріптеу, осы шара арқылы әйел жамағатының сенімін табу, ДДА өкілдерімен профилактикалық жұмысты арттыру және рухани байланысты нығайту.
Кеш екі бөлімнен тұрды.
Бірінші бөлімде балалар діни-танымдық көріністі тамашалады. Рамазан айына байланысты Рамазан, Құран, Тарауих, Құрма және Су рөлдеріне енген кейіпкерлер балаларға оразаның құндылықтарын түсіндірді. Кейін Disney кейіпкерлері – Куроми мен Стич келіп, ислам діні туралы сұрады. Осы кезеңде бүлдіршіндерге діннің негіздері сұрақ-жауап түрінде үйретілді.
Екінші бөлімде балалар арасында интеллектуалды сайыс ұйымдастырылып, 12 адамнан құралған 9 команда өзара бақ сынасты. Қатысушылар діни-танымдық сұрақтарға жауап беріп, білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті. Жүлделі орын алған жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды. Басқа балақайлар да құр қол қалмай, естелік сыйлықтарға ие болды. Сайысқа ДДА өкілдерінің балалары да белсене қатысты.
Шара соңында БҚО Әйел-қыздар секторының жетекшісі Жәния Бақытқызы бір ай бұрынғы сурет және өлең байқауларының, сонымен қатар интеллектуалды ойындардың жеңімпаздарын марапаттады. Кеш көтеріңкі көңіл-күйде, ерекше рухани атмосферада өтті.
«Ғажайып Рамазан» балы жамағаттағы балалардың діни-танымдық түсінігін арттырып, қатысушыларға рухани серпіліс сыйлаған тағылымды басқосу болды.


