Қасиетті Жайық өңірі тағы бір құтты ордамен толықты. Атап айтсақ, Ақжайық ауданы, Есенсай ауылында сәні мен сәулеті жарасқан жаңа мешіт бой көтеріп, пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстары өткен жылы бастау алған құлшылық ордасының ғимараты жергілікті халықтың қолдауымен тұрғызылған.
Мешіттің ашылу салтанатында ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Самат Қанатқалиұлы барша жиналғандарды құттықтап, өз лебізін білдірді.
- Бұл игі іс бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген барша ауыл тұрғындарының қажырлы еңбегінің жемісі. Мешіттің бой көтеруіне үлес қосқан әрқайсыңызға ризашылығымды білдіремін. Жаңа мешіт имандылық пен жақсылықтың ұйытқысы болсын. Әрдайым еліміздің тыныштығы мен бірлігінің сақталуына қызмет етсін,- деген облыс имамы мешітке құран кітабын табыс етті.
Лента қию рәсімінен соң аудандық орталық мешіттің бас имамы Тұрсынғали Төлеуғалиұлы жаңа ашылған мешітте алғаш рет Құран аяттарын оқып, ата-баба рухына дұға бағыштады. Мұнан кейін Алланың жердегі үйінде дастархан жайылып, жамағат астан дәм татты.




