«Имани жаз»: шәкірттер сертификат алды

Орал қаласы, «Ар — Рахман» мешітінде «Имани жаз – 2025» атты жазғы діни сауат ашу курсын бітірген 100-ге жуық оқушы арнайы сертификат алды.

ҚМДБ-ның тапсырмасы аясында ел мешіттерінде жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушыларына діни сауат ашу курсы ұйымдастырылған болатын.

Мектеп оқушыларының жазғы демалысын пайдалы өткізу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан жобаның биылғы маусымы өз мәресіне жетті.

Курс аясында бүлдіршіндер тек білім алып қана қоймай, мәдени-рухани шараларға, әр түрлі жарыстарға да қатысты. Олар 16-30 маусым аралығында, жазғы діни сауат ашу дәрісі Құран әліппесімен танысып, әдеп және имандылық дәрістерімен сусындады.

Бүгін курстың аяқталуына орай, мешітте шәкірттерге сертификат табыстау рәсімі өтті.

Аталмыш шараға бас имам Самат Қанатқалиұлы арнайы қатысып, бүлдіршіндерге білім алудың артықшылығы һәм тәрбиелі оқушы болу жайында уағыз-насихат айтты.

Айта кетейік, БҚО өкілдігі бойынша «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсында 240 бала тәлім алды, оның 160-ы ұл болса, 80-і  қыз бала.