Заң мен тәртіп басты назарда

Бүгін Атамекен Өнер Ордасында Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп: өзара іс-қимыл басымдықтары және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту» атты облыстық форум өтті.
Аталған форумда құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы билік, үкіметтік емес ұйымдар және дін саласының өкілдері бас қосып, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.

Тыңдалған баяндамаларда өңірдегі лудомания (ойынқұмарлық), есірткі заттарын тарату мен тұтыну және әлеуметтік құқықбұзушылықтардың артуы сияқты өзекті мәселелер кеңінен қозғалды.

Облыс прокуроры Серік Рысқалиұлы өз сөзінде құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралардың маңыздылығын атап өтіп:

 «Жастар арасындағы лудомания мен нашақорлық — бүгінгі қоғамның індеті. Бұл мәселелермен бірлесе күреспесек, ертеңімізге қауіп төнуі мүмкін,» — деді.

ІІБ басшысы Арман Молдиярұлы құқық қорғау органдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп беріп, жастар мен жасөспірімдерге қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алуға арналған іс-шаралар жоспары жайында баяндады.

Өз кезегінде облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы билік арасында тығыз байланыстың қажеттігін атап өтті. Ол халықпен тығыз жұмыс жасап, әсіресе білім беру мекемелерінде түсіндіру жұмыстарының күшейтілуін тапсырды.

Жиын соңында қатысушылар бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру, профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүргізу қажеттігін бірауыздан қолдады.