Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Батыс Қазақстан облысында болған сапарында облыстық Орталық мешітте «Қажылық – бес парыздың бірі» тақырыбында уағыз айтты.
Бас мүфти жамағатқа айтқан уағызында қажылыққа барудан бұрын рухани және материалдық тұрғыдан дайын болу қажеттігін тілге тиек етті.
«Ең әуелі қажылықтың парыз, уәжіп, сүннет амалдары жайында оқып білімімізді кеңейту аса маңызды. Оны мешіттеріміздегі арнайы бекітілген ұстаздардан, кітаптардан білуге болады. Қажылық рәсімі кезінде айтылатын дұғаларымызды жаттау, ол дұғалардың мағынасын түсіну, қасиетті жерлерде болған маңызды оқиғалар турасында пайғамбарлар тарихынан оқып білуіміз де қажетті істерден. Өйткені бұл қасиетті жердің қадірін түсінуімізге, оны құрмет етіп, ғибадат-құлшылығымызды ерекше ықыласпен, рухани ләззатпен орындауымызға себепші болады.
Материалдық дайындыққа қаржылық тұрғыдан дайындалу, ихрам киімін алдын-ала сатып алу, басқа да қажеттіліктерін дайындау сияқты істер жатады. Қажылық ғибадатын атқару барысында елдегі отбасы таршылық көрмесі үшін тастап кететін қажетті нәпақа жинап қою да өте маңызды іс. Себебі, қажылыққа аттанушы кісі қажылықтан оралғанша артында қалатын отбасының күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етпей кетуге әсте болмайды» деді Бас мүфти.




