Бас мүфти «Орал медресе — колледжі» шәкірттерімен кездесті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Батыс Қазақстан облысында болған сапарында «Орал медресе-колледжінің» шәкірттеріне дәріс оқыды.

«Жаратушы Алла Тағалаға махаббат» тақырыбында дәріс оқыған Бас мүфти: «Рухани кемелдіктің негізі саналатын ихсанға жету үшін әрбір жан әуелі өзінің жаратқан Иесі Алланы тануы тиіс. Алланы танып, Оған иман келтірген пенденің Хақ Тағалаға махаббат қоймауы мүмкін емес. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Ал иман келтіргендер Алланы бәрінен артық жақсы көреді», – делінген («Бақара» сүресі, 165-аят). «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, Ол Алланы жаннан тәтті» – деп Хәкім Абай жырлағандай, ең кәміл махаббат – махаббатты жаратқан Аллаға және Оның Елшісіне деген махаббат. Бұл ретте ата-анаға, Отанға, туған жерге деген махаббатты да арттырған абзал» деді.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы медресе-колледждің тыныс-тіршілігімен танысып, студенттердің білім жолындағы қадамдарына сәттілік пен тұрақтылық тіледі. Сонымен қатар зайырлы білім алудың да маңызды екенін айта келе, болашақ дін қызметкерлерінің жан-жақты білікті маман болып шығуына тілектестігін білдірді.