ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Қанатқалиұлының ұйымдастыруымен «Ислам және отбасы құндылығы» атты неке қидырған жас отбасыларға арналған семинар болып өтті.
«Дін мен дәстүр» бағыты аясында өткен шараны облыстық орталық «Ар — Рахман» мешітінің наиб имамы әрі аталмыш бағыттың жауапты өкілі Бағдат Русланұлы жүргізді.
Шараға облыс бас имамы Самат Қанатқалиұлы арнайы қатысса, облыстық орталық «Ар — Рахман» мешітінің ұстазы Оразбек Жамбылұлы жас жұбайларға некенің құндылығы туралы уағыз — насихат айтты. Іс-шараға некесін қидырған жас отбасылар шақырылып, тәлім-тәрбиеге толы насихат дәрістерімен сусындады. Одан кейін, «Дін мен дәстүр» бағытының жауапты өкілі Бағдат Русланұлы үлкен өмірге қол ұстасып бірге көш бастаған жас жұбайларға отбасы тыныштығын сақтау жөнінде насихат айтты. Сонымен қатар игі бастама алдағы уақытта да желісі үзілмей, жалғасып тұратынын жеткізді. Шара соңында жас жұбайларға ҚМДБ БҚО өкілдігі атынан «Олар пайғамбарымызды ﷺ осылай көрген» атты кітаптар сыйға берілді.
ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша баспасөз қызметі



