Бүгін, 14- ақпан күні, Батыс Қазақстан облысында жаңа мешіт ашылды. Яғни, Теректі ауданына қарасты Теректі ауылында жаңа мешіттің ашылу рәсімі үлкен салтанатпен аталып өтті. Мешіт құрылысы әлбетте халықтың бастамасы арқылы кәсіпкерлердің қолдауымен бой көтеріп, ресми тіркеуден өтті. Құлшылық үйінде ерлерге арналғаннегізгі намазоқу залы, әйелдерге арналған намаз оқу бөлмесі және имам бөлмесі бар. Сәулетінің өзгешелігімен ерекшеленген мешіт 130 адамға арналған. Ауласында имамға арналған 2 бөлмелі қызметтік үй қарастырылған.
Шараға ҚМДБ БҚО бойынша бас имамы Самат Қанатқалиұлы және аудандық құрметті азаматтар, ақсақалдар мен әжелер, ауыл жамағаты қатысты.
Мешіт салу ісіне белсенді қатысқан бірқатар азаматтарға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан «Алғыс хаттар» табыс етілді. Самат Қанатқалиұлы жиналған көпшілікпен жұма намазын оқып, еліміздің және жеріміздің амандығы үшін дұға жасады. Сондай — ақ ауданның бас имамы Амантай Қуанышбайұлына «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық жобасы аясындағы 806-баспананың кілті қызметтік пәтер ретінде табысталды.
Игі шара соңында ақ дастархан жайылып, ақ баталар берілді.
Осылайша ауыл халқы жаңа мешітін жарқын көңіл күймен қарсы алып, ізгі тілектерін жолдап жатты.



