Қадыр Мырза Әлі өлеңдерінің тәрбиелік мәні

Ұлтымыз үшін баға жетпес байлық болып есептелетін Қадыр Мырза Әлінің ақындық мұраларының ұрпақ тәрбиесіне ықпалы орасан зор. Ақын, аудармашы, сыншы, драматург, публицист, республикалық, халықаралық сыйлықтардың иегері, халық жазушысы Қ. Мырза Әлі ең алғаш балалар ақыны деп танылды. Ақын 1935 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданында дүниеге келген. 1952 жылы орта мектепті, 1958 жылы ҚазМҰУ-ді бітірген. «Балдырған», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан жазушылар одағында жұмыс жасаған. 1978 жылдан бері еркін творчестволық жұмыспен шұғылданады. Қ. Мырза Әлі қазақша, орысша, манғол, өзбек, әзірбайжан, қырғыз тілдерінде жарық көрген елуден астам өлең жинақтарының авторы. Балаларға арналған «Көктем» (1959), «Жаңғалақтар» (1960), «Кішкентай Қожанасырлар» (1961), «Ноян қоян» (1962), «Алуан – палуан» (1963), «Сабақ» (1964), «Шымыр жаңғақ» (1984) және «Күміс қоңырау» (1970, 1985) кітаптары бар.

      Ақын өлеңдері негізінен үлкенді сыйлау, ұлттық салт-дәстүрді білу, адамгершілікке, тазалыққа үйретуге бағыталған. Ал «Атамның ақылы» өлеңінде балалар мен жасөспірімдерді аға буынды сыйлауға, іні буынды ренжітпеуге, менменшілдікке бой алдырмауға, кәсіппен бой тасаламауға шақырады. Орынсыз біреуге жағынудан, ретсіз мақтанға салынбауды:

                                      – Жан баққандар

                                      Жалбақтасын.

                                      Сен мақтанба,

                                      Ел мақтасын!-

деп ғибрат етеді.

      «Ауыл ақсақалдары» өлеңінде баланың өзін сөйлете отырып өзге балалардың да үлкендерді сыйлап, үнемі амандасып отыруына үлгі етеді.

                                      Ұнатады олар да,

                                      Сәлем берген баланы,-

деп ақын баланың амандасуы арқылы өзінің ғана тәрбиелі екенін көрсетіп қоймай, отбасының да өнегелі екенін және көрсетеді.

      Ақын поэзиясында жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның, ездік пен елдіктің салыстырмалы суреттері жиі кездеседі. Ал ақынның «Кірпі» өлеңіндегі:

                                      «Жатқан кезде быртиып,

                                      Кірпіге сен көр тиіп

                                      Тікірейтіп түрпісін,

                                      Түрегелер үрпиіп,

                                      Топ алдында сынасақ,

                                      Түзелуін сұрасақ,

                                      Тұңғышбайдың тұрады

                                      Сол кірпіге түрі ұқсап»

деген жолдары балалардың көңілін көтеріп күлдіртіп алып, ойлана білуге, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тәрбиелейді.

      Ақынның «Қайрақшы» өлеңі балаларға ғана емес, үлкендерге де арналған. Өзіңді-өзің үнемі қатаң бақылау, өзіңнің әр қадамыңа орынды баға беру, өзіңді-өзің тәрбилеудің ең басты жағдайы болып табылады.

                                      Біраз жерге кісіні

                                      Апаратын қайрат қой!

                                      Өнсін десең ісіңді,

                                      Өзіңді де қайрап қой!

Демек, бұл өлең де баланы қайраттандырып, ынталы, жігерлі болуға үндейді.

Сабырлық, дарындылық, табандылық, халыққа қамқорлық, анаға құрмет етушілікті әспеттей келе, ақын Абайдың «қашық» болар бес ізгілікке қайшы қасиеттерді: ұрлық, өсекті, өтірікті, мақтаншақтықты, берекесіздікті айта отырып, олардың адамның құнын төмендететін пасық қасиеттер екендігін және одан аулақ болуға тәрбиелейді.

       Балалардың тілін ұстартып, дүниетанымын кеңейтумен бірге, оларды, ұлттық, адамгершілік, имандылық рухында тәрбиелеуде Қадыр Мырза Әли өлеңдерінің мәні ерекше. «Ұшатын үш атым» өлеңінде:

                                      «Мұратым – құратым.

                                      Мақсатым – жақсы атым.

                                      Арманым – Тарланым,

                                      Ұшатын үш атым»,-

деп балаларды осы үш қабілетке төселуіне шақырады.

      Қадыр Мырза Әлидің жас өренді туған жерге деген ыстық ықыласын оятатын өлеңдері өте көп. Кей кезде көңілің бір нәрсеге ренжісе, туған жер, туған жердің ауасы  ғана тазартады.

                                      «Сенсіз менің туған жер, қазынам кең.

                                      Бас ауырса, жусаныңды иіскеп, жазылам мен!

                                      Өзің сүйіп, сен өзің мақұлдасаң.

                                      Жалтақтамай, жасқанбай, батыл басам»,-

деп туған жердің артықшылығын және айтады. [15.78].

Ақын «Туған күн» өлеңінде:

                                      Ел-жұртынан безбеген,

                                      Данадан ал тағылым…

                                      Тірлік деген күресте

                                      Демей көрсін құтты қол.

                                      Таймайтұғын тіресте

                                      Табанды бол,

                                      Мықты бол.

                                      Береке бол еліңе,

                                      Мейірлі бол халыққа!-

дей келе, алғашқы екі жолда ұлтжандылық рухы биік жандардың тәлімін алуды, «Жақсыға жанасуды» өнеге етсе, енді екінші шумақта өмірде қандай қиыншылық болса да, бала жүрегінің жасымасын, қиындыққа төтеп беруді, үнемі өмірдің тек жақсылықтан тұрамайтындығын ақын шәкіртіне кеңес етеді.

        Қ.Мырза Әли өз Отанын, елін жанындай жақсы көруімен оны шығармаларына кестелейді. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» дегенді ескерсек, ақын өлеңдері – жас ұландардың тәрбие, өсу, үлгі алар мектебі. Ақын бірнеше айқын да дәл нақты, өткір ой-түйінін айтып алып, ол сөзінің соңында: «Еш уақытта ұмытушы болма, қарағым»,- дейді.

         Ақынның туған тілге арнаған өлеңінде мынадай жолдар бар:

                                      Ана тілің – арың бұл,

                                      Ұятың боп тұр беттте

                                      Өзге тілдің бәрін біл,

                                      Өз тіліңді құрметте!

Ұлттың тілі туралы айтыс өрістеп тұрған кезде бұл жолдар қазақ ұлтының ұранына айналды. Ал ұлт мәселесінің жанды тұсы – тіл тағдыры кеше де, бүгін де талай қазақ зиялысын толғандырып келеді. «Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл – бақытсыз тіл» деген алаш қайраткері Х.Досмұхамедұлының сөзі ешқашан маңызын жойған жоқ.

Керісінше, қазақ халқының қазақ тілі мен әдебиетінің, мәдениетінің күрделі де қайшылықты даму жолын көрсетіп тұрғандай. Қадыр Мырза Әли осы ойды жоғарыда өлеңі арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуде негіз етеді.

       Ақын өлеңдері ақиқат діні исламның игі қағидаларына негізделіп жазылған. Өскелең ұрпақты салт – дәстүрді құрметтеуге, ұлттық құндылықтырымызды қастерлеуге, адамгершілікке, рухани имандылыққа, адалдыққа тәрбиелейтін мұндай тәлімі терең дүниелер ешқашан өзінің өміршеңдігін жоймайтын асыл мұрамыз болып табылмақ. 

Калимуллина Зауреш Асылбекқызы

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы