Орал қаласы, «Ар – Рахман» мешітінде ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Самат Қанатқалиұлының төрағалығымен жылдың қорытынды есебін беру жиыны өтті. Облыс наиб имамдары мен қала, аудан имамдары қатысқан алқалы жиында ҚМДБ тарапынан бекітілген оқу-ағарту, уағыз-насихат, діни мерекелер мен қайырымдылық іс-шаралар, насихат және қоғаммен байланыс, діни білім және кадр дайындау, бесін, ақшам намаздарындағы уағыздардың айтылуы және теріс ағыммен күрес бағыттары, аймақтардағы мешіттердің жағдайы бойынша жалпы мәлімет беріліп, слайд ретінде көрсетілді. Жиналыс барысында айтылған шаралар есебіне қатысты облыстың бас имамы Самат Қанатқалиұлы жылдық есеп тапсырған аудан, қала мешіттерінің жұмыстарына оң баға беріп, имамдардың еңбегіне сәттілік тіледі. Кейбір мешіт жұмыстарындағы кемшіліктер жайлы ескертіліп, келер жылғы жоспарға енгізу туралы айтылды. Есеп беру барысында облыс бас имамы аудан, қала имамдарына осы жылы жасалған істердің одан әрі жетілдіретін тұстарын атап, арнайы тапсырмалар берді.
Бір жыл бойы қарқынды жұмыс атқарып, көптеген игі істердің ұйытқысы бола білген жылдың үздік және белсенді имамдары анықталып, ынталандыру сыйлықтары мен марапатқа ие болды. Атап айтқанда, «Жәнібек аудандық мешітінің» бас имамы Е. Абдугалиев, «Жаңақала аудандық мешітінің» бас имамы Ж. Лұқпанов, «Шыңғырлау аудандық мешітінің» бас имамы Ә. Наурызбай және Бәйтерек ауданы, «Жұбан Молда» мешітінің бас имамы А. Әміровке берілді. Сонымен қатар облысқа қарасты барлық қала, аудан мешіттері мен имамдарына өңірдің бас имамы алғыс хат табыстап, қызметтеріне сәттілік пен береке тіледі.