Қас-қағым сәт, көзді ашып-жұмғанша, уақыт жүйрік. Бұл біз жиі еститін, күнделікті өмірде үнемі қолданып жүретін жәй ғана сөз тіркестері. Жәй ғана? Бұлай дейтінім, уақыттың дамылсыз өтіп жатырғанын көбіміз байқаймыз, білеміз, ақылымызбен түсінеміз. Бірақ біліп қана қоймай, жүрекпен сезініп көрдік пе? Уақыттың өтіп жатырғанын сезіну деген қалай дерсіз? Қиын сұрақ. Мүмкіндігім жеткенше, жауап беріп көрейін.
Халық арасында тағы бір сөз бар: өткенге өкінбе, болашаққа алаңдама. Ойлап қарасақ, бұл сөздердің жаны бар. Алла елшісі (с.а.с): «Аллаға күшті мүмін әлсіз мүмінге қарағанда жақсы әрі ұнамдырақ, (алайда олардың) әрбірінде жақсылық бар. Өзіңе пайдасы тиетін нәрсеге ұмтылып, Алладан жәрдем сұра және әлсіздік танытпа. Егер бір жайға душар болсаң: «Егер былай-былай еткенімде, мынадай-мынадай болар еді» деп айтпа. Бірақ «Алланың тағдыр еткені, Ол қалағанын істеді» деп айт. Өйткені, «егер» деп айту шайтанның ісіне жол ашады»,- деген. Яғни, хадисте келген ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с.)бұл сөзі болған іске өкінемін деп жүріп, уақытты зая жұмсамаңдар дегенді білдірсе керек. Әрине, жасалған қателікке өкініп, қате жіберген тұсыңды ой елегінен өткізіп, келесі жолы бұл қателікке жол алдырмауға тырысу бөлек. Бірақ, өткеннің шырмауынан шыға алмай, бүгініңді өткенге байлап қойып өмір сүруің өзіңе берілген уақыттың қадірін сезінбеуіңнен.
Біз Алланың құлымыз. Құлдық сипатымызға сай майдаңымызға жазылған тағдыр алдында дәрменсізбіз. «Тағдыр – Алланың сыры, оны тінтіп әуре болма», – деген екен Әли (Алла оған разы болсын). Тағдыр мен болашақ мағыналас ұғым десем қателеспеймін. Тағдыр қаншалықты сыр болып жасырылған болса, болашақ та дәл солай бізге белгісіз. Белгісіз болған дүниеге алаңдау, оған дәл қазіргі уақытыңды жұмсау қаншалықты ақылға қонымды іс болмақ?
Өткенге өкініп, болашақты уайымдаудың нәтижесі уақытты берекетсіз өткізуге алып келері анық. Ал, уақытымыз берекелі өтіп, ақыретіміз бен осы өміріміз үшін пайдасы тиетіндей ету үшін Алла Тағала үлкен нығметтердің бірі етіп берген уақытымызың қадірін білуіміз қажет.
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға! – деп Мұқағали Мақатев жырлағандай, бұл уақыт бітпейтіндей бейқам өмір сүру ең үлкен қателіктердің бірі дер ем. Қадірін білген адам үшін уақыттан артық нығмет жоқ. Себебі, уақыттан өзгенің барлығын қайтаруға, қалыпқа келтіруге болады. Осы уақыт деген бағалы ресурсты бағалай алу үшін күн сайын біздің игілігімізге берілетін 24 сағатты саналы түрде өткізуіміз керек. Күнде өзімізге осы санаулы уақытты қалай өткізіп жатырмын, бүгінгі күннің әр минутын қандай іске арнаймын, дәл бүгін ақыретім үшін қандай игі амал жасай аламын, қазіргі өміріме Жаратушым разы болатындай етуім үшін не істей аламын деп саралай алған кезде ғана жүрекпен уақытымыздың жәй өтіп жатырмағанын, әр минуты саналы түрде өтіп жатырғанын сезіне аламыз. Сәйкесінше, жүрегімізбен уақыттың әр сәтін сезіне алғанда ғана уақыттың қадірін білмекпіз. Олай болмаған жағдайда таң атқаннан кеш батқанға дейін қу дүниенің жылтырының соңынан еріп, күні бойына бір рет болсын «осы күніме шүкір» деместен өмірден озып кетпесімізге кім кепіл? Өйткені, шырылдап дүниеге келген уақыттан кебінге оралып жер астына түсетін уақытымыздың арасы бір-ақ сәт.
Уақыттың жылдам өтетіндігі туралы қасиетті Құранның «Назиғат» сүресінің 46-аятында: «Олар (кәпірлер) сол күнді көргенде, дүниеде бір кеш немесе бір сәскелік уақыт қана тұрғандай болады»,-делінген. Бір кештің мөлшерімен ғана салыстырылған уақытымызды шексіз, есебі жоқ уақыт секілді қолданып жүргеніміз, расымен, уайымдататын дүние.
Қазіргі таңда, жас та, кәрі де уақыттың қадірін жоғалтып, күн сайын Жаратушымыздың тарапынан беріліп жатырған 24 сағаттың басым бөлігін әлеуметтік желілерде, гаджетпен өткізуде. Соның әсерінен, үлкендеріміз жастардың құрметінсіз қалып, жастарымыз үлкеннің мәнді, тәжірбиеге толы әңгімелерін естімей өсіп жатыр. Үлкен буын уақыттың қандай құнды ресурс екенін, оны қалай тиімді пайдалану керек екендігін түсіндіріп, жас буынға үлгі-өнеге бола алмаса, қазіргі уақыттың қасіреті осы емес пе?
Ия, қазір заман бөлек, дамыған уақыт, уақыт талапына сай өмір сүру керек деп жатамыз. Бірақ бұл әлем, адамдардың адами құндылығы мен түсінігі қалай өзгерсе де, уақыттың құндылығы өзгермей қала берері баршамызға мәлім.
Хакім Абай: «Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас»,-деп уақыттың жылдамдығын суреттегендей, зырғып өтіп жатқан уақыттың қадірін білген адам ғана қияметке дейін жалғасатын үлкен өкініште қалмасы анық. Алла Тағала баршамызға әр уақыты игі амалдарға толы болған берекелі ғұмыр нәсіп еткей. Әмин!
Ар-Рахман мешітінің азаншысы Асхат Асылбекұлы