Қарттар күніне орай ақсақалдарға құрмет көрсетілді
ҚМДБ БҚО бойынша «Зекет және қайырымдылық» қоры, облыстық «Ар-Рахман» мешіті мен «Тәжиден Батырұлы» мешітінің қызметкерлері «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы» КММ-сіндегі қарияларды 1- қазан – Қарттар күнімен құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Іс-шарада БҚО бойынша «Зекет және қайрымдылық» қорының өкілі, «Ар - Рахман» мешітінің наиб имамы Наурыз Ибатұлы жасы үлкен қарияны сыйлаудың маңызы, қоғамдағы айрықша орны жөнінде уағыз айтып, қазыналы қарттарға амандық тіледі. Сондай-ақ арнайы алынған тәттілерді тарту етті.
«Үлкеніне құрметпен, кішіге ізетпен қарамаған бізден емес» деп қасиетті хадисте айтылғандай, Бөрлі аудандық мешітінің бас имамы Ерденбек Жанұзақұлы 1- қазан Қарттар күні мерекесіне орай, Бөрлі ауданына қарасты Бөрлі ауылындағы «Бөрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-сіне арнайы ат басын бұрып, жиналған қарияларды мерекемен шын жүрекпен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Асыл әжелеріміз бен ақсақал аталарымызға тәттілер мен сыйлықтар таратылды.
«Тулбаев Мухаммед - Гариф» мешітінің имамдары БҚО бойынша бас имамы Самат Қанатқалиұлының бастамасымен «Қариялар күні» мерекесіне орай, қаламыздағы «Қарттар үйіне» барып, ақсақалдарды құттықтап қайтты. Мүфтият баспасынан шығатын «Мұнара» газеті мен «Иман» журналын үлестіріп, оларды қуанышқа бөледі. Өздеріне бөлінген көңіл мен құрметке риза болған қариялар бір марқайып қалды.