Орал медресе-колледжінің директоры Талғат Мұратұлы Исатай ауданына барды

Атырау облысына жұмыс сапары аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дін істері комитеті жанындағы Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық насихат топ мүшесі Талғат Мұратұлы Исатай ауданына барды.

Сапар аясында Исатай ауданы Зинеден Құрасұлы мешітінде жамағатпен кездесті.

Жамағат тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген ұстаз Талғат Мұратұлы ынтымақ, бірлік тақырыбында насихат айтты.

«Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш ол – күншілдік, іштарлық, араздық. Халқымыз мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан ел тізгінін қолына ұстаған ақсақалдар мен билер ел ішіндегі асқынған дау-дамайды, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына аса көңіл бөлген.

Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахидың алғашқы кезеңінен бастап, мұсылмандардың өзара бауырмалдығы мен бірлігіне аса маңыз берген. Араздасқан адамдар болса, бірден татуластырып, өзара кешірімде болуды насихаттаған» деп атап өтті ұстаз Талғат Мұратұлы.

Орал орталық мешітінің баспасөз қызметі