Кеше Бәйтерек ауданы, Достық ауылында «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында көпбалалы ана Айымгүл Оразғалиеваның отбасы баспаналы болды.
Өңірге жұмыс сапарымен барған наиб мүфти Ершат Оңғар дінбасымыз Наурызбай қажы Тағанұлы ыстық сәлемін айтып, баспана иелерін құттықтап, қуанышқа ортақтасты.
Алла Тағала қиындық соңынан жеңілдік беріп, қайғы соңын қуанышқа ұластырып отыр. Осы айдың басында, яғни, 3 мамыр күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің бастамасымен Әйел-қыздар секторы республика бойынша «Қиындықта ел бірге» қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырған болатын. Аталмыш жәрмеңкеден түскен қаражатты су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың қажетіне жаратуды мақсат тұтқан едік.
Ал бүгін, мінеки, Әйел-қыздар секторы ұйытқы болған қайырымдылық шарасының нәтижесінде Ақжайық өңірінің де тұрғыны, көпбалалы баспанаға қол жеткізіп отыр. Білуімізше, көпбалалы ана Айымгүл Оразғалиеваның да үйі суға кетіп, баспанасыз қалған. «Дүниеге егіз қозы келсе, бір түп жусан артық шығар» демекші, бүгінгі қуаныш осы бала-шағаңыздың несібесі деп білеміз.
Алла Тағала жаңа баспананың ішін береке толтырсын. Ер-азаматтарыңыз, балаларыңыз, маңайыңыз аман болсын! Осы іске жұмыла кіріскен қазақ еліне Алла разы болғай! Қуанышыңыз көп болсын! Әр отбасына баспана бұйырсын!
Баспасөз қызметі