Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар Батыс Қазақстан облысында болып, рухани білім ордасы «Орал» медресе-колледжінің ұлағатты ұстаздарымен, діни ілім алып жатқан шәкірттерімен кездесті.
Алдымен діни білім ордасының директоры Талғат Искалиев арнайы келген қонақтарды Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар мен облыстың бас имамы Самат Алибаевты шәкірттерге таныстырды.
Наиб мүфти медресе шәкірттерімен танысып, сұхбат жүргізіп оқу сыныптары мен шәкірттердің жатақханасын, демалатын орындарын аралап медресе ұжымының атқарып жатқан істеріне ризашылығын білдірді.
«ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, дана Абайдың жырын жатқа айтып, бұл медреседе оқып жатқан шәкірттердің болашағынан үмітіміз зор, Алла қаласа, осы оқу ордасынан дінімізге үлкен үлес қосатын азаматтар шығады деген үміттеміз», – деді Ершат Ағыбайұлы.
Сондай-ақ, кездесу барысында наиб мүфти медресенің жай-күйімен танысқан соң:
«Алдағы уақытта медресемен тығыз қарым-қатынас орната отырып бірігіп жұмыс жасасақ, біз алмайтын қамал болмас. Бір атаның баласындай жұмыла жүк көтерсек, асыл дініміз әлі-ақ қанатын кеңге жаяды, – дей келе, өзінің алға қойған ұсыныстары мен тілектерін жеткізіп, медресе ұстаздарының жұмыстарына сәттілік тіледі.
Нұрлан Саматұлы