Алла Тағала жаратқан жаратылыстарының ішіндегі ең ардақтысы адам баласы. Адам баласы періште де емес, өйткені періштеде нәпсі жоқ. Шайтан да емес, өйткені оның тәубесі қабыл етілмейді. Адам нәпсімен жаратылған және тәубе етуге мүмкіндік берілген. Адам баласы тәубе етіп, Алланың тыйымынан тыйылып, бұйрықтарын орындау арқылы періштеден жоғары болады. Бірақ тәкәппарлық танытып, тәудегек елмесе, шайтаннан да төмен болады.
Адам баласында нәпсі болғандықтан жақсы мен жаманды, күнә мен сауапты істі жасайды. Қателікке жасамайтын немесе күнә жасамайтын адам жоқ. Алайда жасаған күнәсі үшін тәубе етіп, Алладан кешірім сұрай білген адам жақсы адам болмақ.
Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ былай деген:
كُلُّ بَنِي آدَمَ خَطَّاءٌ وَخَيْرُ الْخَطَّائِينَ التَّوَّابُونَ
«Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері», – деген.
Демек күнә істемейтін, қателік жасамайтын пенде болмайды. Өкінішке орай кейбір жандар өздерін күнәсізбіз деп санауы қателік екенін білуі тиіс. Себебі күнәсіз жаратылыс иесі періште мен пағамбарлар ғана.
Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ бұл жайында былай деген: «Егер сендер күнә істемесеңдер Алла сендерді опат етіп, орындарыңа күнә істеп, істеген күнәсі үшін тәубе ететін құлдарын жаратады» (Муслим).
Алла пендесіне тәубе ету мүмкіндігін берді. Яғни адамға жасаған күнәсі үшін кешірім сұрау мүмкіндігі берілген. Пенде қандай күнә жасамасын, үмітсіздікке салынбауы керек. Алланың рахымы шексіз.
Тәубе жөнінде сөз қозғамас бұрын күнә жөнінде баяндасақ.
Қатаң түрде тыйым салынағн күнәлардың үкімі «Үлкен күнәлар» (Кәбәир) деп аталады. Ғалымдардың басым бөлігі күнәларды үлкен және кіші деп бөліп қарастырған. Бірақ кейбір ғалымдар күнәнің үлкені де, кішісі де болмайды дейді. Ал күнәлардың ішіндегі ең үлкені Аллаға серік қосу.
Үлкен күнәларлдың сандық мөлшері жайында түрлі дерек бар. Ғалымдар Пайғамбарымыздан ﷺ келген хадистерге сүйеніп түрлі пікірлер айтқан. Мысалы Хафиз Захаби «Китабул Кәбәир» кітабында үлкен күнәлардың саны 70 десе, Әбул Хажар әл-Хәйтамидің пікірі бойынша 467-ге жеткізеді.
Аталған үлкен күнәлардың саны әртүрлі айтылғанымен оны істеген адамның жағдайы не болмақ. Біздің сеніміміз бойынша үлкен күнә жасаған адам мүмин болып, бірақ істеген күнәсі үшін күнәһар атанады және сол үшін жаза шегеді.
Алла Тағала Тәубе сүресінің 72-аятында «Алла мүмин ерлер мен мүмин әйелдерге астынан өзендер ағатын, олар онда мүлде қалатын бақшалар және Ғадын жәннәтында көркем орындар уәде етті. Ал, Алланың разылығы өте зор табыс», – деген.
Сонымен қатар, Пайғамбарымыз ﷺ былаы дейді:
«Жүрегінде титтей иманы болып, Лә иләһә иллаллаһ (Алладан басқа құдай жоқ) деген адам жәһәннамнан шығалды».
Алла Тағала Тахрим сүресінің 8-аятында былай дейді:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا تُوبُوا إِلَى اللَّهِ تَوْبَةً نَّصُوحاً عَسَى رَبُّكُمْ أَن يُكَفِّرَ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَيُدْخِلَكُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ يَوْمَ لَا يُخْزِي اللَّهُ النَّبِيَّ وَالَّذِينَ آمَنُوا مَعَهُ….
«Ей, мүминдер! Шын ниетпен Аллаға тәубе етіңдер! (Сонда ғана) Раббыларыңнан күнәларыңды жойып, іргесінен бұлақтар ағып жататын жәннатқа кірізу үміт етіледі. Алла ол күні пайғамбарды және онымен бірге иман келтіргендерді қорламайды…», – дейді.
Бұл аятта тәубе етуді бұйырады. Ал тәубе үлкен күнә үшін жасалады. Демек «Әй иман келтіргендер» деп үлкен күнә жасағандардың кәпір болмайтындығын меңзейді.
Енді Тәубе жөнінде айтатын болсақ Алла Тағала Нұр сүресінің 31-аятында:
وَتُوبُوا إِلَى اللَّهِ جَمِيعاً أَيُّهَا الْمُؤْمِنُونَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
«Уа, мүминдер! Бақытқа жетіп құтыламын десеңдер, барлығың бірдей Аллаға тәубе етіңдер», – дейді. Тәубе ету адам баласының жаратылысында бар қасиет. Себебі Адам ата (ғ.с.) Алланың сынағына тап болып, тыйым салынған жемісті жеп қойған қателігі үшін тәубе етті. Алла Тағала оның тәубесін қабыл алды. Жоғарыда атап өткеніміздей адам баласы нәпсі мен шайтанның жетегіне еріп қателесуі мүмкін. Бірақ қатесін жуып-шаятын тәубе деген сабынды қолдануы тиіс. Бұл пенде үшін таптырмайтын мүмкіндік.
Сондай-ақ, «Бақара» сүресінің 222-аятында:
إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ
«Расында Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді», – дейді. Осы аяттағы таза болушылар деген сөздің мағынасы: жаман істен, жаман қасиеттен және негізгі істерден рухани тазаруды, арылуды білдіреді. Сонымен қатар, мұндай адамдарды Алла жақсы көретіндігі баяндалған.
Ал, Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді:
لَلَّهُ أَشَدُّ فَرَحًا بِتَوْبَةِ عَبْدِهِ حِينَ يَتُوبُ إِلَيْهِ مِنْ أَحَدِكُمْ كَانَ عَلَى رَاحِلَتِهِ بِأَرْضِ ، فَلَاةٍ فَانْفَلَتَتْ مِنْهُ وَعَلَيْهَا طَعَامُهُ وَشَرَابُهُ ، فَأَيِسَ مِنْهَا ، فَأَتَى شَجَرَةً فَاضْطَجَعَ فِي ظِلِّهَا قَدْ أَيِسَ مِنْ رَاحِلَتِهِ فَبَيْنَا هُوَ كَذَلِكَ ، إِذَا هُوَ بِهَا قَائِمَةً عِنْدَهُ فَأَخَذَ بِخِطَامِهَا » ، ثُمَّ قَالَ : مِنْ شِدَّةِ الْفَرَحِ اللَّهُمَّ أَنْتَ عَبْدِي وَأَنَا رَبُّكَ أَخْطَأَ مِنْ شِدَّةِ الْفَرَحِ
«Расында сендердің біреуің, сапар шегіп келе жатқан уақытта, үстінде азығы мен сусыны артылған түйесі қашып кетіп, шөл далада жалғыз қалып, түйесін табуға үміті үзіліп, бір талдың көлеңкесіне келіп ұйықтап кетіп, кейін оянып, жоғалған түйесі бүкіл азығымен жанынан табылған кезде, дереу ноқтасынан ұстап: «Уа, Аллам, Сен – менің құлымсың, ал мен – сенің Раббыңмын!» деп, есі шығып қуанғаннан, қателесіп кеткенін білмей қалған пенде қалай қуанса, Алла Тағала құлының тәубесіне, одан да қатты қуанады» (Имам Муслим).
Демек, Тәубе етудің өзіндік шарты бар екенін білуіміз керек. Жай ғана «мен істеген күнәм үшін тәубе еттім» деп айта салу емес. Негізінен адамның жасайтын күнәсі екі түрлі болады:Адамның өзіне қатысты жасаған күнәсі (зина, ішімдік ішу). Сондай-ақ, басқа адамға қатысты жасаған күнәсі (ғайбат айту, ұрлық жасау, басқа адамға зиян келтіру).
Адамның өзіне қатысты жасаған күнәсіне тәубе ету үшін үш шарт орындалуы тиіс. Алдымен жасаған күнәсін тоқтатуы, содан кейін жасаған ісі үшін өкіну және сол ісін енді қайталамауға уәде беру.
Басқа адамға қатысты жасалған күнә үшін тәубе ету тек шынайы тәубемен кешірілмейді. Ондай күнә үшін тәубе етумен қатар сол адамнан кешірім сұралуы тиіс. Мысалы, біреуді ғайбаттаса, сол адамнан кешірім сұрап, кешірімін алса, сосын тәубе етсе ғана жасаған күнәсі кешіріледі.
Жафар ибн Синан: «Күнәға тәубе етпеу – күнәны істегеннен де жаман» деген. Сол себепті біздер тәубе етуді кейінге қалдырмағанымыз жөн. Алла Тағала Ниса сүресінің 17-18-аяттарында:
إِنَّمَا التَّوْبَةُ عَلَى اللَّهِ لِلَّذِينَ يَعْمَلُونَ السُّوءَ بِجَهَالَةٍ ثُمَّ يَتُوبُونَ مِنْ قَرِيبٍ فَأُولَٰئِكَ يَتُوبُ اللَّهُ عَلَيْهِمْ ۗ وَكَانَ اللَّهُ عَلِيمًا حَكِيمًا * وَلَيْسَتِ التَّوْبَةُ لِلَّذِينَ يَعْمَلُونَ السَّيِّئَاتِ حَتَّىٰ إِذَا حَضَرَ أَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ إِنِّي تُبْتُ الْآنَ وَلَا الَّذِينَ يَمُوتُونَ وَهُمْ كُفَّارٌ
«Алланың қабылдаймын деп уәде еткен тәубесі – жамандықты білместікпен істеп алып, одан соң көп ұзамай (өлмей тұрып) түзелген адамның тәубесі. Алла олардың тәубесін қабыл етеді. Ол барлығын біліп тұрады, әрі хикметпен іс істейді. Тірлігінде жамандық жасаудан тыйылмай, өлер шаққа келгенде, яғни өлер алдында «енді тәубе етемін» деушілердің тәубесі және кәпір қалпында өлгендердің тәубелері қабыл болмайды», – дейді. Шындығында тәубенің қабыл болуы – адамның білместікпен, қателікпен күнә іс істеп, кейін осы ісі үшін лезде өкінуінде. Ал егер адам күнә жасап күнәсына өкінгенімен сол жаман ісін жалғастыра беретін болса, соңында өлім өңешке келгенде оның тәубесі қабыл етілмейді. Мұндай тәубе мәжбүрліктен жасалған тәубе.
Ал, Әбу Абдуррахман Абдуллаһ ибн Омар ибн Хаттаб (р.а.) Алла Елшісінің ﷺ былай дегенін жеткізеді:
عَنْ أبي عبدا لرحمن عَبْدِ اللهِ بْنِ عُمَرَ بْنِ الْخَطّاَبِ عَنِ النَّبِيِّ قال: إن اللَّهَ عز ورجل يَقْبَلُ تَوْبَةَ الْعَبْدِ مَا لَمْ يُغَرْغِرْ
«Жан алқымына келмейінше Алла пендесінің тәубесін қабыл етеді» (Тирмизи).
Сол себепті тәубе етуде кейінге қалдырмаумыз керек. Ең бастысы Алла Тағаланың Тәубе есігі әрдайым ашық екенін ұмытпайық. Алланың бізге нәсіп еткен ғұмырында біліп-білмей жасаған қателіктерімізді ескеріп, осы бір мүмкіндікті жібермей, Алланың алдына оның ризалығына бөленіп, сау жүрекпен баруды нәсіп еткей.
Теректі аудандық мешітінің бас имамы
Бақтығали Амантай Қуанышбайұлы