Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркия Республикасындағы өкілі Жандос Айтбайдың ұйымдастыруымен Ыстамбұл қаласында қазақ студенттері мәуліт кешін өткізді.
Рухани кешке Ыстамбұл қаласында діни білім алып жатқан 70 шәкірт пен бірқатар қонақтар қатысты. Жандос Өмірзақұлы мәуліттің ерекшелігі мен маңызы, Әз пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтудың артықшылығы жайлы уағыз айтып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сәлемін жеткізді.
Кеш барысында «Талаба» қауымдастығының Ыстамбұл қаласындағы жетекшілері Қуат Ерғалиұлы мен Абдулла Сманов шәкірттерге насихат айтса, қонақтарға ақ дастарқан жайылып, сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік рухани кеш соңында қасиетті Құран аяттары оқылып, бата жасалды.