Қасиетті Құран Кәрімде «мың айдан да қайырлы» деп дәріптелген Қадір түні – исі мұсылманның сағына күтер сәті. Бұл түнгі құлшылықтың сексен үш жылға тең келетінін білмейтін мұсылман кемде-кем болар… Сол үшін де жылына бір-ақ берілетін ұлы мүмкіндікті мұсылман қауымы құр жіберіп алмай, қапысыз дайындықпен өткізуге тырысады. Алланың үйі мешітте бас қосып, алақан жайып, Алладан дұға тілейді. Маңдайын сәждеге тигізіп, таң рауандап атқанша құлшылығын жалғастырады.
Батыс Қазақстан облысының барлық қала, аудандарында қадір кеші ерекше аталып өтті.
Орал қаласының қақ ортасынан орын тепкен облыстық «Ар-Рахман» мешітінде тарауық намазымен басталды.
Рамазан бойы тарауық намазында оқылған Құран хатымы аяқталып, дұғасы жасалды. Хатымды қари Иманәлі Бейбітұлы жүргізді.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Самат Қанатқалиұлы хатым дұғасын жасап, ел амандығы үшін дұға етті. Сонымен қатар қари Иманәліге қазақтың дәстерімен шапан сыйлап, 1 500 000 теңге беріп, астына тұлпар мінгізіп, ерекше алғысын білдіріп, көпшілік құрмет көрсетті.
Құран түскен мүбарак түні үзіліс сайын құран оқылып, еркін құлшылыққа уақыт берілді. Мешіттің наиб имамдары мен ұстаздары Бағдат Шақаев “ Дұғаның маңыздылығы”, Ерлан Айтенов “Салауат айтудың маңыздылығы”, Наурыз Убаев “Құранның сырлары”, Талғат Искалиев“ Құран оқудың артықшылығы” , сынды тақырыптарда уағыз айтты. Сондай-ақ, жамағатпен сұрақ-жауап виторинасы ұйымдастырылып, жүргізген Әділхан ұстаз үздік шыққандарға кітаптар мен сыйлықтар табысталды.
Таң ұясынан шыққанша мешітте уағыз-насихат тыңдап, құлшылыққа ден қойған мұсылман қауымы бұл түні егеменді еліміз бен кең байтақ жеріміздің амандығын тілеп, бейбітшілігіміздің баянды болуын сұрады.
Қадір түнін күту қала, аудан, ауыл мешіттерінде өз жалғасын тапты.
Баспасөз қызметі