НАИБ МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМҒА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы мен бөлім маманы, исламтанушы Бауыржан Әбдуәлі Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен халықаралық симпозиумға қатысты.

«Пәтуа шығару әдістемесі: жаңа мәселелер мен шешімдер» тақырыбында өткен ауқымды жиын Татарстан мұсылмандары діни басқармасының және Түркия дін істері басқармасының Ислам мәдениеті, ғылым және білімді қолдау қорының ұйытқы болуымен өтті. Симпозиум жұмысына Татарстан мен Түркия, Қазақстан мен Моңғолия, Ресей мен Әзірбайжан елдерінің пәтуа мамандары, мүфтилер мен ғалымдары қатысты.

Халықаралық басқосу Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлінің Құран оқуымен басталғанын айрықша атай кеткен жөн. Заманауи мәселелерге қатысты пәтуа шығарудың дұрыс моделін қалыптастыру, сондай-ақ осы сала аясында талап-тілектер мен ұсыныстар талқыға салынған симпозиум барысында наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы баяндама жасап, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді.

«Біздің, түркі халықтарының, наным-сенімі, тілдік негізі, салт-дәстүрі, тіпті тарихымыз бен руханиятымыз да ортақ. Себебі бабаларымыз тұтас адамзатты ғылым-білім арқылы өркениетке бастаған кемеңгер тұлғалар болатын. Мұндай симпозимдер түркі дүниесінің тарихи, рухани және мәдени мұрасын сақтау бағытында қабылданған шешімдер мен бастамаларды іске асыруды жан-жақты қолдау деп санаймын.

Ислам діні – барша адамзатқа ортақ дін. Бабаларымыз сол Исламның қайнар бұлағынан ішіп, бәрі ортақ дүние жолында жанкешті еңбек етті. Олар жасаған әрбір шығарма, жазылған еңбектердің өміршең болуы түркілердің бірлік пен ынтымағына негіз бола алады. Сыртқы бейтарап күштер көп жағдайда біздің дінімізді бұзып, ұлттық һәм түркілік бейнемізден ажыратқылары келеді. Дегенмен дін насихатын жүргізе отырып, сол уақыттағы түркілік таным мен Исламды қабыстырған бабалардың жолын жалғастыру – біздің ендігі ең үлкен мақсат мұратымыз» деп атап өтті Сансызбай Құрбанұлы.