Жаратушымыздың сансыз нығметтеріне толы, Ұлық ай – Құран айы, Рамазан айының берекелі күндерінің соңғы он күнлігіне де кірдік. Уақытын құлшылыққа, құран оқып, тыңдауға арнаған мүмін мұсылмандар кешкі ауызашарларда бас қосып, салиқалы жиын өткізетін ең тамаша сәттерін өткізуде.
Оразаның нығметке толы құлышылық екендігі жайлы Әбу Үмәәма (р.а.) былай деген: «Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жақсы бір амал сұрадым. Ол маған: «Ораза ұста, өйткені оған тең келер құлшылық жоқ», -деді. Мен екі-үш рет қайталап сұрасам да, «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ» – деген жауабынан танбады». Жаны жоқ тәннің мәні жоқ секілді, тәнсіз де жанның маңызы жоқ екенін терең ұғына отырып, тәніміз бен рухымызға қатар орасан ықпалын жасап, кемелдендіре түсетін рақымға толы бұл ай жаратқанның бізге берген шексіз мейірімі мен нығметі.
Тән мен жанның тазартып, пенденің нәпсісін тыйдыруды мақсат еткен бұл оразада мұсылман өзін тек тамақ пен судан ғана шектемейді. Тек асқазанның қамын ойлап, алдына не келсе соның бәрін ойланбай жеп, нығметтердің қадірін ұғынбайтын жан болса, оның рухани қабілеттері өшіп, тек ашыққан немесе күндізін түнге ауыстырған ғана болар. Ондай ораза тұтқан жан болса, келер рамазанға дейін кемелденіп, рухани әлемін жетілдіру нәсіп болғай. Ал бойындағы сезімдерін дамытып, жүрек көзі ашыла түскендер – рухани тұрғыда кемелдікке қол жеткізгендер. Жаман ой мен сөзді тыйып, тек жақсылық ойында жүру, тек жақсы сөз сөйлеу – пендесінің қадірін асырып, абыройын асқақтатады. Ғылым мұны бүгінде сіздің тіліңізден шыққан әр сөз өміріңіздың жарқын болуына ықпал етеді деп жар салса, мұны бізге Раббымыз қасиетті кітабымызда екі дүниенің де қадіріне жету үшін қалай амал ету қажеттігін анық нұсқаулық етіп беріп қойған. Еш теңдесі жоқ рухани байлығынан бөлек, бүгін тәнге берер нығметтеріне де тоқтала кетсек деймін:
Оразаның бастапқы, яғни алғашқы күндері ашығу басталғанда ағзадағы қант деңгейі, артериалды қысым төмендеп, бас ауыратынын сеззінген шығарсыз. Бұл ағза өзін-өзі тазартуды, токсиндерді шығаруды, яғни табиғи түрде детоксикоция бастайды. Әрі қарай ток ішек тазалануды бастайды. Тағамнан алып жүрген қоректік заттард сіңіру процессі тоқтаған соң, ағза бауыр мен бұлшық еттердегі артық глюкозалардан күш алып бастайды, ол таусылған соң денеде жиналған майларды өңдеуге көшуді. Өзін-өзі табиғи тазартуға кіріскен ағзаға енді біз көмектесуіміз керек. Қалай дерсіз? Ауызашарға көбірек сұйықтық, ақуыз (белок) және көмірсулар мен майдың мөлшерін сақтай отырып, құнды тамақтануды даярлауымыз қажет. Дұрыстап тәрелке ережесін қалыптастыруымыз қажет.
Мән беріп қарасаңыз, ғалымдар аштықтың пайдасы туралы көп айта бастады. Сонымен қатар, бүгінде айналаңызға қарасаңыз дұрыс тамақтану, диета ұстау деп көпшілік жұрт арнайы детокс бағдарламаларынан өтіп, ағзасын баптай бастады. Бұл қазіргі таңда денсаулық жағдайына байланысты көпшілік қолға алған шаралар құптарлық. Ал енді дәл осы процедураларды Ұлы Жаратушымыз бізге оп-оңай жолмен, нақты нұсқаулықпен жеткізіп беруде. Сол мақсатта бізге осы Рамазан айын арнайы беріп қойған.
Бұл жерде айта кететін, әрі аса мән беретін жағдай әлбетте ниетте: ашығуды сіз жалғыз өзіңіз, “қажет” деген міндеттемемен бастауыңыз мүмкін. Ал Ораза ұстау ниеті Алланың разылығы, кешірім , мейірімге толы рухани әлемді қозғау арқылы миыңызда басқа позитивті, ерікті, бойұсына отырып жасалғандықтан, нәтижесі де ерекше, бөлек.
Алғаш ораза ұстаушылар, немесе біраз уақыт ораза тұтқан тәжіребелілері бар, көпшілік ортаға осы бағытта сөзбен ғана емес, іспен көрсету арқылы өзіміз де отбасымызда алғашқы күндерінде ауызашар дастарханын даярладық. Ас мәзірін көрсетіп, ауыз аштыру арқылы, осы үнемі айтып жүретін уағызымызға сай амалын жасадық. Нәтижесінде, мақсатымыз орындалып, көпшілік оразада ауызашардан сәресіне дейін дастархан басында «ертең ашығып қалам-ау» деген ниетпен әңгімесін айтып, орнынан тұра алмай қалғанша тамақ жеп отырмау керектігін түсінді.
Ешқандай диета алмастыра алмайтын, саулығыңызды да қалпына келтіру барысында барлық нығметті беріп отырған Раббымның жарылқауымен пенде енді тек өз тарапынан сәйкесті ас мәзірін дайындап, тоя тамақ жемеуді әдетке айналдырса, және ұзақ уақытын құлшылықта өткізсе, тарауық намазына қатысса Алланың разылығына бөленумен қатар, денсаулығы нығайып, рухы күшейіп, моралдық тұрғыдан да тазарып шығады. Толыққанды ауыз бекіткен жанның оразаның екінші жартысында толығымен аштыққа бейімделген ағзасының қызметі жұмыс істеу қабілетінің ең жоғары деңгейіне жету керек. Соның нәтижесінде есте сақтау қабілеті, ойды жинақтау (концентрация) жақсарып, күш-қуат көбейе түседі.
Ал енді ауызашар дастархандарын жаюшыларға нақтылап айтсақ, рационға майлы, қуырылған, тәтті тағамдар қоспай алғашқы сәтте молырақ жылы су ішу қажеттігі ескерілуі қажет. Тақ санда (1,3,5,7) құрма жесеңіз болады. Араға сәл уақыт салып тәрелке ережесін сақтай отырып, тәрелкенің үштен бірін ақуызға (балық, ет) үштен бірі көкеністерге, үштен бірін көмірсуға (гарнир) бөліп тамақтансаңыз болады. Жеміс-жидектер міндетті түрде ас мәзірінде болсын. Ауызашар дастархандарын бірінің дастарханынан бірін асыра жаямын деп ынсапсыз жарысқа айналдырып жіберуге мүлде болмайды. Рамазанның артықшылығы да осы саналы түрде, ысырапсыз тамақтануға үйретуі.
Сағд ибн Убаданың үйіне қонаққа барған Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Сағд ерекше құрмет көрсетіп, дастарханға нан мен зәйтун майын қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дастархандағы дәмнен ауыз тиіп: «Үйлеріңде ораза ұстағандар ауыз ашсын. Дастархандарыңнан әрдайым салиқалы, тақуа жандар дәм татсын. Періштелер сендер үшін Алланың рақым, жарылқау тілеп дұға жасасын», -деп бата берді,- деген (Әбу Дәуіт, атғимә 54). Баршаңыздың дастархандарыңызда оразаны кемеліне жеткізіп ұстағандар ауыз ашсын, салиқалы, тақуа жандар қонақтарың болсын. Әр шаңырақта ғибратты әңгімеге толы берекелі дастархан жайылып, Алланың рақымы түссін!
Рамазан айы құтты болып, Ораза қабыл болған оразадан болсын, бауырларым!
Нұрлан Саматұлы
ҚМДБ БҚО бойынша баспасөз хатшысы