Қасиетті Рамазан айында садақа беріп, қайырымдылық жасау ең сауапты да, қайырлы істердің бірі болып саналады. Осыған орай Орал қаласындағы «Ар-Рахман» орталық мешітінің бас имамы Самат Алибаев қариялар үйіне арнайы барып, үлкендерді ұлық аймен құттықтап, ауызашар дастарханында жүздесті.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қайырымдылық шараларын көбірек ұйымдастыру жоспарына сәйкес жүзеге асырылып отыр.
Рамазан – қайырымдылық айы, бұл айда игі амалдың, қайырымдылық көмектің сауабы сансыз сауапқа еселенетіні белгілі. Осы сәтті пайдаланып, Ар-Рахман орталық мешіті жиналғандарға ауызашар ұйымдастырды.
Жиналған халыққа бас имам Самат Алибаев Рамазанның қасиеті, ата-ана туралы уағыз-насихат айтты.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Рамазанның берекесі – мейірімділік көрсету мен ізгі амалдар жасаумен арта түспек. Жетім мен жесірге, жоқ-жітікке қарайласу мұсылманның мерейін үстем қылады. Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім-кешегі үшін көмек қолын созған кісі Алла жолында жиһад жасағанмен, әр түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты», – деп айтылғандай, қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауапқа кенелейік ағайын.
Баспасөз қызметі