Көркем мінездің анықтамасы жайында тіл және дін ғұламалары зерттеп әртүрлі пікірлерін жазған.
Тіл ғалымдары: Көркем мінез – Ол әдемілік. Кез келген іс-әрекетті әдемі орындау, – деген.
Дін ғалымдары: «Көркем мінез» сөзін кеңінен қарастырып, адам баласының жеке өзіне, отбасында, жұмыс орнында, қоғамдық орындарымен құлшылығына қатысты іс-әрекетінде әдепті болу, жақсы атқару, тіпті талас-тартыс, кек алу, ажырасу, арыздану, өтініш, қарызды талап ету, жазалау, сондай-ақ соғыс кездерінде де шариғат талаптарымен әдептерін сақтай отырып атқару, – деген.
Көркем мінез – Алланың берген үлкен сыйы. Ерекше мейірімді Жаратушы Ие Алла Тағала өзінің соңғы елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мінезін көркемдікпен көмкерген. Әнас ибн Мәлик (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынандай сөзін жеткізеді: «Мен көркем мінездерді толықтыру үшін жіберілдім».
Адам баласын өзі секілді қос аяқты, жұмыр басты өзге пенделерден ерекшелеп тұратын бір қасиет – оның мінезі. Мінез – адам бойындағы алтын мен жауһардан да артық жылтырап, көзге ұрып тұратын әшекей. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, мінез, ар деген нәрселермен озады. Бұдан өзге нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық» деген Абай атамыз он сегізінші қара сөзінде. Жақсы мінез – жан көркі. Адамды кең пейіл, көпшіл ететін де, я болмаса қытымыр, кекшіл ететін де – бойға біткен мінез. Демек, адамның мінезін өзгертуге немесе жақсы дағдыларға бейімдеуге болады.
Ислам – әдептілік және жақсы мінездің діні. Көркем мінезділіктің маңыздылығы жайында ғұламалар: «Ислам үш нәрседен құралады. Ол: иман, шариғат және көркем мінез», – деген. Шындығында да жүрегіне иман ұялаған әрбір пенденің өз мінез-құлқының көркем болуына аса мән берері сөзсіз. Сондықтан да көркем мінезге қол жеткізу үшін нәпсіні тәрбиелеп, жүректің қара емес, ақ реңктерін көбейтіп, иманды кемелдендіруіміз қажет. Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.): «Расында, мүмін бойындағы көркем мінезі арқылы, күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқитын адамның дәрежесіне жетеді»,-деп айтқанын естідім», – деген.
«Дене дерті өзіңді, мінез дерті басқаны қинайды» деп ұғынған дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ер жетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Себебі, әрбір қазақ перзенті жаңа отырғызылған шыбық секілді, оның діңгегі қатайып, жапырағы жайқалып өсуіне тәрбиенің берер ықпалы зор болмақ, ал қазақ халқында тәрбиенің басты қағидаты ретінде мінездің жақсылығы алдыңғы орынға қойған. Өйткені бүгінгі жас елдің ертеңі, болашағы.
«Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз», – дейді Мұхтар Әуезов. Әбу Нәсір бабамыз «Мінез – жанның айнасы» десе, алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханов: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп ой түйген.
Демек, жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі біздерде әлдеқашан өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған. «Оқыс сөз, одыраң мінез – үлгісі жоқ ұлдың, кер кеткен кыздың белгісі», – дейді заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов.
Ұлтымыздың жақсы мінез-құлқын қалыптастырудағы игілігі Исламның шарттарымен сабақтасып жатқанын қалай жоққа шығарамыз? Нақты дәлел ретінде Құранда «Расында, Аллаға және ақырет күніне иман келтіріп, Алланы көп еске алатындар үшін Алла елшісінде керемет үлгі-өнеге бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят) – делінген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Жақсы мінездерді толықтыру үшін, жақсы мінездерді дүниеге жаю үшін жіберілдім», – деп бұйырғандығын айтып кетсек болады. Пайғамбарамыз (с.ғ.с.) келіп, «Дін деген не?»- деп сұрақ қояды. Сұрағына үш рет «Дін – көркем мінез» деп жауап қатқан.
Сөзімізді қорыта айтқанда, көркем мінез бар жерде имандылық бар. Мұсылман кісі өзіне қалаған нәрсені өзгеге қалайтын, әрі қолымен де, тілімен де өзгеге зиян тигізбейтін және ашудың үстінде болып қалса да өзін ұстай білетін адам. Сол себепті мұсылмандық қаруым сабыр деп, көркем мінез иесі болуға барынша тырысайық.
Тұрсынғали Құжапов,
Ақжайық аудандық мешітінің бас имамы