Самат қажы ҚАНАТҚАЛИҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысының бас имамы:
Отыз кұн ораза ұстайтын айлардың сұлтаны Рамазан айы таяп қалды. Соған орай Батыс Қазақстан облысының бас имамы, педагогика және психология мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі, Орал медресе-колледжі (исламтанушы) мен Алматы қаласындағы шет тілдер және іскерлік карьера университетінің (дінтанушы) түлегі Самат Әлібаевпен әңгімелесіп, асыл қасиеттер, ұлттық құндылықтар, сондай-ақ дін саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сөз өрбіттік. Оқыңыздар, мархабат!
– Самат қажы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ ) әр жылдың атауын бекітіп, жүйелі жұмыс істеп келеді. Бас мүфти 2023 жылды діни қызмет аясында «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялаған болатын. Сол бағытта жалпы саны 550-ден аса іс-шара өткізілген екен. Ал осы жылы жұмыс қай бағытта жүргізілмек?
– Биыл 17 қаңтарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі имамдар мен ұстаздарға бағдарлық баяндамасын жолдап, дәстүрімізді насихаттауға басымдық берді.ҚМДБ-ның төрағасы атап өткендей, қоғамды ізгілікке үндеу – дін қызметкерлерінің басты мақсаты болып қала бермек. Сол үшін биыл «Мешіт жамағатымен ізгі қоғам» жобасын жүзеге асыру туралы бастама көтерілді. Жоба аясында облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық деңгейде мешітке келуші жамағат арасында өзара түсіністік пен мұсылмандық әдепті насихаттай отырып, қоғамды ізгілік пен бірлікке үндейтін іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзінің бағдарлық баяндамасында: «Қазір әлемдік қауымдастық өзінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға күш салуда. Өйткені жаһандану заманында дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу маңызды мәселеге айналды. Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу, оның ғылыми-теориялық негізін дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқанын жақсы білесіздер. Осындай мәселелер мен бастамаларды ескере келе, діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадым» деді. Оған қоса бұл бастаманың дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеуге септігін тигізетініне сенетінін жеткізді.
– Кейінгі уақытта дін мәселесіне қатысты көптеген пікір айтылуда. «Дін қызметкерлері дәстүрді насихаттамайды» дейтіндер де бар. Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялап, іргелі істер мен игі жобаларды жүзеге асыруға кіріскені қуантады.
– Бас мүфти мәлімдегендей, асылында діни басқарма – халқымыздың салт-дәстүрін насихаттап, әдет-ғұрпымызды дәріптеп келе жатқан бірегей рухани орта. Мүфтият бұған дейін «Дін мен дәстүр» жылын жариялады. «Дін мен дәстүр» кітабының бірнеше томы шығарылып, ол кітаптар жамағатқа тегін таратылды. Былтыр ҚМДБ орталық аппаратынан «Дін мен дәстүр» бөлімі ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиындардың бірінде, «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы құрылымдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын» деген болатын.
Шынында, қазіргі уақытта жас ұрпақтың рухани тәрбиесі аса маңызды. Біз олардың ой-санасына, жан дүниесіне дәстүрлі Исламның дәнін егіп, жат ағымдардың шырмауынан сақтауымыз керек. Оның төте жолы – ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақтың жері, тілі, діні, дәстүрі үшін тер төккен, тұлғалардың өнегелі өмір жолы мен еңбегін дәріптеу, жат ағымдардың алдын алу. Қазақ арасында «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген нақыл бар.
Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнің ерекшеліктерін бірден байқайсың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені, өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өз ұлтына тән рухани құндылықтар мен қағидаларды тәрк еткен кезде иман да жоғалады.
– Самат қажы, жергілікті дін мамандарының кәсіби білім-білігін көтеру бағытында өңірімізде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? «Ар-Рахман» орталық мешітінде қандай шаруалар қолға алынуда?
– Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мемлекеттік лицензиясы бар 9 медресе жұмыс істейді. Соның бірі – біздің облыс орталығындағы «Тәжиден Батырұлы» мешітінің ауласында орналасқан Орал медресе-колледжі. Бұл жерде қазіргі таңда 60 шәкірт білім алуда. Оларды жоғары діни білімі бар 8 ұстаз оқытады. Биыл медресе-колледжді 18 бала тәмамдайды. Исламтанушы мамандығын алып шыққандар аудандық мешіттерге қызметке барады немесе Нұр-Мүбәрак университетіне оқуға түсіп, білімдерін тереңдете алады. Медресе ғимараты 2023 жылы толық жөндеуден өтті. Мұнда жалпы саны 15 қызметкер еңбек етеді. Медреседе облыстық білім басқармасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен бағдарлама бойынша жұмыс жүргізіледі.
1800 орындық «Ар-Рахман» орталық мешіті 2005 жылы ашылған болатын. 2023 жылы мешітке толық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күніне бірнеше мұсылман келіп, мәселелерін айтып, ойларымен бөліседі. Біз оларға барынша көмектесуге тырысамыз. Дәріс-сабақтар өткізуде. Ерлерге, әйелдерге күн сайын уағыз айтылады. Перзенті жат ағымға арбалған ата-аналармен пікірлесіп, ой бөлісеміз, жас отбасылармен де жиі жүздесеміз. Мешіт жанынан «Отбасы құндылығы» атты кеңес беру орталығын ашып жатырмыз. Былтыр аудандарды аралап, жергілікті тұрғындармен тілдестім. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады. Мұндағы мақсатымыз – жамағатты ақиқат діни мағлұматпен сусындату.
«MUFTIYAT» баспасынан сапалы діни кітаптар жарыққа шығуда. Біз соларды алып, оқуға ниеттенгендерге тегін таратамыз. «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» атты кітап жарыққа шықты. Жақында Орал қаласында таныстырылымын өткіземіз.
Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Дін де бір үлкен ғылым. Мәселен, химиядағы мәселелер төңірегінде пікір білдіру үшін сіз химик болуыңыз қажет. Ал дінді насихаттау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу – дін мамандарының негізгі міндеті. Өңірімізде жат ағымға тап болғандардың көбі орыс тілді. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін біз мешітке орыс тілін жетік білетін маман қабылдадық.
Біз діннің жақсы жақтарын көрсете білуіміз керек. Діннің атын жамылып, теріс әрекетке бару үлкен күнә. Ислам адамды тәрбиелейді. Рамазан айында тұрғындарға 24 сағат бойы қызмет етеміз. Республикалық Құран жарыстарының бірнеше мәрте жеңімпазы Иманәлі Мырзакелдиев бауырымыз Тауарих намазын өткізеді. Қадыр түніне дайындаламыз. Қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мұқтаж жандарға көмектесеміз.
Айта кетейін, былтыр облысымызда бес (5) мешіт бой көтерді. Биыл шамамен он шақты мешіт ашылады. Екі айдан соң Деркөл кентіндегі мешіт құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Зашаған кентінде ел-жұрттың көмегімен 1500 орындық мешіт құрылысы жүріп жатыр.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысты жандандыру мақсатында бес бағытқа басымдық беретінін атап өттіңіз. Олар – дін мен дәстүр, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру және ізгі қоғам. Жалпы біз ізгі қоғам құруды неден бастауымыз керек?
– Біздің ойымызша, ізгі қоғам құру сыйластықтан, бауырмалдықтан, кішіпейілділіктен, кешірімнен, жалпы айтқанда ізеттіліктен басталады. Ата-әжелеріміз бізге өсиет айтқанда, «Бір-біріңді тіріңде құрметтеңдер» деп отырушы еді. Өсе келе, бұл сөздің мәнін ұға бастадық. Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің бірінде тіріңде сыйласпасаң, өлгенде жылама деген ойды алға тартады. Қазір, өкінішке қарай, адамдар тірісінде бір-бірінің қадіріне жете алмай жүреді.
Заманында би болған Саққұлақ дейтін данышпаннан сыйластық туралы сұраған екен. Сонда Саққұлақ би: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деп жауап берген көрінеді.
Құдайдың разылығын көздеп, өзгелерге үнемі құрмет көрсетіп, ілтипат білдіріп жүретін тақуа пенде бір күні Алла мен адамдардың сый-құрметіне бөленеді екен. Құдси хадистердің бірінде Алла Тағаланың сый-құрметіне, мейірімі мен шапағатына бөленген адам жайлы былайша баяндалады: «Алла Тағала бір пендесін сүйсе, Жәбірейіл періштені шақырып: «Уа, Жәбірейіл! Мен пәлен құлымды сүйдім, сен де оған сүйіспеншілікпен қара» дейді. Сонда әлгі пендені Жәбірейіл де сүйіп, аспан тұрғындарына: «Уа, аспан тұрғындары! Жаратушымыз Алла Тағала пәлен құлды сүйді, сіздер де оған сүйіспеншілікпен қараңыздар» деп жар салады. Осылайша жер бетінде де әлгі пендеге қабылдық жазылады». Белгілі хадис ғалымы Ибн Хажар «қабылдық жазылады» дегенді былай түсіндірген екен: «Яғни жер бетіндегі күллі жан иелерінің жүректерінде оған деген сый-құрмет һәм разылық орнайды».
Жүректің иесі – Алла. Демек, Хақ Тағала өзі сүйген пендесінің дәрежесін арттырып қояды. Басқа адамдардың жүрегіне сол пендесі жайлы жақсы ой салып қояды. Сөйтіп, әлгі тақуа пенде айналасындағы адамдардың сүйіспеншілігіне бөленеді. Мұның бәрі Алланың әмірі бойынша жүзеге асады. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жүректер Рахман Алланың иелігінде» деген.
– Самат қажы, жүректі қандай қасиеттер ізгілікке бөлейді?
– Жүректі ізгілікке бөлейтін қасиеттердің бірі – кішіпейілділік. Кішіпейіл болған адам дініміздің асыл құндылықтарын мінезі, сөзі, бүкіл болмысы арқылы насихаттай алады. Оның кішіпейіл мінезінен Исламның баға жетпес құндылықтарын көресің. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ұлық Алла үндемегенді бай, ысырап жасағанды кедей етеді, кішіпейіл болғанды көтереді (мерейін үстем етеді), тәкаппардың сағын сындырады» деген хадисі көп нәрсені аңғыртып тұр. Ұлықпан хәкімнің: «Барлық нәрсенің құралы бар, амалдың құралы – кішіпейілділік» деген сөзінде де үлкен мән жатыр. Қоғамда адамдар бір-біріне қаншалықты кішіпейіл болған сайын олардың арасында соншалықты мейірімділік, бауырмалдық, бірлік сынды қасиеттер қалыптасады.
Бауырмалдық – ізгі қоғам құрудың негізгі бастауларының бірі. Алла Тағала Құранда: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп баяндайды. Мұсылмандардың бір-біріне бауыр болуы – Алла Тағаланың мейірімі. Ендеше, мұсылман баласы қалайша бұл нығметтен бас тартпақ?
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына насихат айтқан кезде олардың бір-біріне бауыр екенін үнемі естеріне салып отыратын. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Бір-біріңе өш болмаңдар, бір-біріңе көреалмаушылық қылмаңдар, бір-біріңнен теріс бұрылмаңдар. Бір-біріңмен қарым-қатынасты үзбеңдер. Алланың құлдары ретінде бір-біріңе бауыр болыңдар. Мұсылманға бауырына үш күннен артық ренжуіне болмайды» деп ескерткен. Бұл хадиске амал етуді қалаған адам ренжіп жүрген танысын кешіріп, Алла разылығы үшін кешіргенін оған ашық айтып, арадағы бауырмалдық байланысты арттыруға бірінші болып қадам жасауы керек. Адамдар арасында осындай бауырмалдық қасиеттер артса, біздің қоғам ізгіленген үстіне ізгілене түседі. Қоғамның өзі жекелеген адамдардан құралады емес пе, ендеше, ізгі қоғам құруға бәріміз үлес қосайық, түгел мүдделілік танытайық!
Сұхбаттасқан Марлен ҒИЛЫМХАН,
«Орал өңірі»