АҚСУАТ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

Қасиетті жұмада Ақжайық ауданы, Ақсуат ауылында жеке кәсіпкер, іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляззат Мұратқызының қолдауымен 70 адамға арналған «Жан-Аян» мешітінің құрылысы сәтті аяқталып, ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға облыстың бас имамы Самат Алибаев арнайы қатысып: «Аллаға шүкір, елімізде, осы Ақжайық өңірінде мешіттеріміздің қатары көбейіп келеді. Мешіт – мейірімділік мекені, руханияттың ортасы. Қоғамды ізгілікке шақырып, ибалы болуға үйрететін мектеп. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім жер бетінде мешіт бастаса, Алла Тағала ол пендесіне жәннаттан сарай тұрғызады» деген. Осы мешіттің бой көтеруіне атсалысқан, ұйытқы болған арда азаматтарға Алла разы болсын! Кәсіптеріне береке, отбасыларына амандық тілеймін» деді.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі М.Сердалин жаңа мешіттің ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтады.

Сонымен қатар ауданның атақты ақыны С.Бисенғалиев жаңа мешітке арнау арнады.

Мешіттің ашылу салтанатына мемлекеттік қызметкер, кәсіпкерлер мен ауылдың үлкенді-кішілері қатысты.

Баспасөз қызметі