Индер ауданының Өрлік ауылында мешіт ашылды

Атырау облысы, Индер ауданы, Өрлік ауылында ашылған Арал Хазірет мешітінің сыйымдылығы 250 адамға шақталған.

Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған мешіттің ашылу салтанатына Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы барып, жергілікті тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтады. Бұл Атырау облысы бойынша ашылып отырған 49 – шы мешіт.

«Алла Тағала адамзат баласына асыл діні арқылы сауабы үзілмейтін іс жасауға жол көрсетіп қойған. Ол шексіз сауап жазылатын амалдың бірі — халыққа, қоғамға пайдалы ғимарат салу болса, соның ішіндегі ең ізгіліктісі — мешіт салу екен.

Мешіт – мұсылман қауымының Жаратушы иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш беретін,  арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінәжат үйі. Сонымен бірге, «азаны бар ауыл азбайды» деген де тамаша сөз бар» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Ауыл мешітіне Қайрат Хабиболлаұлы имам болып тағайындалды. Мешіт жанынан сонымен бірге, имам үйі салынған.

Мешіт ашылу құрметіне құлшылық үйінде алғаш рет жұма намазы оқылып, насихат айтылды. Сонымен бірге, жергілікті спорт кешенінде ауыл тұрғындары арасында спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.