Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын. Бізді жоқтан бар еткен Аллаға сансыз шүкірлер болсын. Егемен ел болып, тарих сахнасына Қазақстан Республикасы атымен өз орнын алып, ашық аспан астында, бейбіт күнде өмір сүріп келе жатқанымызға биыл 32 жыл толып отыр. Аз да, көп те уақыт емес. 70 жыл Кеңес үкіметінің құрсауында еліміз небір нәубетті бастан кешірді. Сонау Х ғасырда қабылдаған ислам дінінен алшақтатып, шоқындыру саясаты жүргізілді, бас көтерген зиялы қауымның бәрін қырды. Қолдан жасалған аштықтан, түрлі қитұрқы саясаттан азып-тозған еліміздің ерлерін соғысқа аттандырып, әйелдер мен балалар тылда еңбек етті. Қазақтың қайтпас қайсар мінезді әйелдерін бірте-бірте ерлердің ісіне араластырып, орамалдарынан ажыратып, кең етектерін шалбарға айырбастатты. Дін дегенді ұстанбақ түгілі ауызға алуға қорқатын деңгейге жеткізді. Ол бір ескінің сарқыншағы іспеттес болып, ақ жаулықты тек үлкен әжелер ғана тағатындай түсінік енгізді. Сан ғасырдан бері салт-санасымен, мәдениетімен астасқан дінінен және тілінен айырса, қазақ кім екенін ұмытады деп, Қазақ деген ұлтты жойып, малша айдап, шұрайлы, құнарлы, қазба байлыққа толы жерлерін тартып алуды көздеген отарлық саясаттарын түрлі әдістермен жасап отырды.
М.Әуезов: “Ел боламын десең, бесігіңді түзе,”- деген. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетер аналарымыздың түсінігін өзгертіп, тәрбиесімен Кеңес үкіметі айналысып, бірте-бірте қазақ өз болмысынан ажырай бастады. Соның салдарынан осы күні орамал таққан әйелге Алланың әміріне бағынған құл екен деп қарамай, арабқұл деп қаралайтын апаларымыз көбейді. Ұрпақтар сабақтастығы үзіліп, аналарымыз ақ жаулықтарынан айырылды, ұлт өзегі діні мен ділінен алшақтады. Тәуелсіздік алдық деп қуанғанмен, жоқшылықтың әсерінен бәрі күнкөріс қамымен жүрді. Рухы ашыққан жандар дінін іздей бастаған сәтте елімізде түрлі ағымдар пайда болып, адамдар топ-топ бөліне бастады. Қаптаған ағым ішінен таза исламды сұрыптап беретін, дәстүрімізге сай исламды жеткізетін ғалымдарымыз, білімді имамдарымыз, ұстаздарымыз саусақпен санарлық еді. Оның бәрі қоғамда өз көлеңкесін түсірмей қоймады.
Ағымдармен күрес ақиқатты жеткізумен жүреді, яғни надандықты жеңер тек білім ғана. Осы жолда 2016 жылдан бастап өз үлесімізді біз де қосып келеміз. Бірнеше жылдық жұмыс нәтижесінде түсінгенім: әрбір ағымның өзіндік миссиясы болады. Көбіне ұлт тұтастығын жойып, ауызбіршіліктен ажырату мақсатын көздейді екен. Кеңес үкіметі тұсында “Бөліп ал да, биле” саясатына ұқсас көрінеді. Өзге ағымдарды айтпағанда ислам атын жамылған, ортамызда жүріп саф дінге кір келтіруші топтар қаншама. Білімсіздіктің кесірінен ғана емес, отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімнің жоқтығынан да ондай топтардың құрығына ілініп жатқан қазақ бауырларымыз аз емес.
“Отан отбасынан басталады” десек, сол отбасынан жетпеген мейірім-махаббатты сондай орталардан тауып, өз әулетінен сондай жамағаттарды жоғары қоятын осал топтар көбейді. Әрине, дін маманы ретінде оның алдын алу үшін біліммен қаруланып, профилактикалық жұмыстар, діни сауаттандыру жұмыстары, маргинал топтарды қоғамға бейімдеу мақсатында түрлі рухани шаралар ұйымдастырдық. Әсіресе, тұрмыстағы әйелдермен жұмыс ең қиыны. Себебі ақиқатты біле тұра, ұстана алмай, әйел адам күйеуінің дінінде деп, амалсыз бағынышты болып, мешіттегі көп шараларға қатыса алмай жатады. Ардақты Елшіміз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): “Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз,”- деді. Ал ол әйелдер мешіттегі ұстаздардан сабақ алмаса, ұстазы кім болып жүр?! Оқшауланып, өзіне рухани орта іздеген сәтте, сол бірнеше адаммен ғана араласып, өзара ақпарат алмасып отырады. Ал қандай ақпаратпен саналары уланып жатыр? Тағы да сұрақ…
Олардың көзқарастары, жалпы картина өте ұқсас болады. Көбіне мемлекетті, яғни зайырлылықты, үкіметті, мүфтиятымызды, ондағы ұстаздар мен имамдарды мойындай бермейді. Көбінесе өзге адамдармен қарым-қатынаста агрессия басым. Жүректегі иманымызды Алла Білуші, дегенмен, біздің қаншалықты руханиятты сіңіргендігіміз өзгемен мәміледе көрініс беретінін ұмытпауымыз қажет. Ардақты Елшіміз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) – бізге үлгі болар бірден-бір жан. Ол – бізге рахым етіп жіберілген Алланың таңдаулысы. Айша анамыз (Алла одан разы болсын): “Оның мінезі – Құран еді,”- дейтін. Демек, біз ұстануға тырысып жатқан дініміз, түсінуге тырысып жатқан Құранымызды Алла Елшісінің өмірінен көре аламыз. Өкінішке орай, білім алу десе, арабша үйрену, Құранды ережесімен оқу деп қана шектелетін жандар бар. Ал сол тілде туылғаннан сөйлейтін арабтар неге ғалым емес, неге бәрі Құранды терең түсінбейді? Өйткені ол – адамның емес, Алланың сөзі. Бір сүренің өзіне ғұламалар том-том түсіндірме, шарх кітаптар жазған. Ал біздің қазекеңдер арабша үйреніп, бәрін өздері тәпсірлеп, түсініп алғысы келеді. Тіпті аудармасын түгел оқып шықтым, деп аяттарды өзінше ұғынып, пәтуа айтатындар да табылады. Біле білсеңіз, Құранды өзге тілге аударма жасауға осы заманға дейін тыйым салынып келген. Қаншама ғасыр өтті, араб тілінде сөйлейтін халықтар арасында да түрлі пікір қайшылықтары туып, ағымдар пайда болған. Әр заман сайын ғұламалар біліммен, яғни ғұмырын насихатқа арнап, кітаптар жазып, тойтарыс беріп отырған. Сондай-ақ, діндар адам дегенде сыртқы формасында ислами атрибутикасы бар, 5 уақыт намаз оқитын тұлға деп қана ойлайды. Асылында мұсылман адам деген ең әуелі өзінің көркем мінезімен, адамгершілігімен, тақуалығымен көрініп тұруы керек. Орамал, ниқаб киіп, бірақ сипатыңа болмысың сай болмаса, өзің секілді мұсылмандарға ғана емес, түгел исламға кір келтіретінін әрбір жан терең түсінуі қажет. “Дін: ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің”.
Өз басым осы күнге дейін “Орамалым – менің жалауым” деп келемін. Сол орамал себебінен қызыл дипломмен “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығын бітіріп тұрып, қызметке орналаса алмадым. Алла маған одан да хайырлысын нәсіп етті, сөйтіп 6-7 жылдай Сырым ауданында діни қызметте болдым. БҚО бойынша ең күрделі аймақтардың бірі болып есептелгендіктен де, көп теолог мамандар бас тартып жатады. Алланың қалауымен сол жерге діни сауаттандыру мақсатында барған алғашқы әйел ұстаз болып барғасын, ешкімді бөліп жармай, алдыма келген әрбір нәзік жандыға демеу болып, білім беріп, жалпы аудандағы әйел жамағатының ауызбіршілігін арттыру мақсатында бар күшімді салдым. Мешітте өткізілетін діни дәрістерден бөлек әртүрлі кітаптардың электронды нұсқасын жіберіп, сол кітап бойынша сайыстар ұйымдастырып, білім мен тәрбие қатар беріліп отырды. Облыстан, республикадан өте білімді де білікті ұстаздарды шақыртып, семинарлар жасадық. Өзім де өзге аудандарға іссапарларға шығатынмын. Сол жиналған тәжірибелер ҚМДБ БҚО бойынша “Әйел-қыздар” секторы меңгерушісі қызметіне тағайындалғанымда өте көп көмегін берді. Ауданда барлық әйелді танып, жекесіне шығып, 20 пайызын, яғни 40-50 адамды жинап, шара өткізсек, үлкен нәтиже еді. Облыста масштаб кеңірек екені бірден сезілді. Аудандық чатта 100 адамға жеткенде қуанатынбыз, облыстық чатта 1000-нан асып жығылады, шараларға 200-300 нәзік жандылар жиналады. Әрине, дәрістер, апта сайын әйел жамағатына арналған жұма уағыздары да үзілмейді.
Оралға хафыз Бақытгүл ұстазымыздың басшылығымен ашылған ҚМДБ “Әл-Әзһария” қайырымдылық мекемесі қыздар қарилық орталығына жәрдем беруге ауысқан болатынмын. Алладан ақтық демім қалғанша дініңде қызметте болайын деген дұғам қабыл болды ма, орталық мешітте де ұстаздық қызметі ұсынылып, әрі облысқа жауапты сектор жетекшісі лауазымына аттестациядан өтіп, былтыр жыл аяғында тағайындалдым. Сөйтіп мақсат-мүддеміз бір болғандықтан, осындай аз уақыт ішінде көптеген игі істер атқардық. “Дін бар жерде дәстүр бар” дегендей, қазақ халқының бітімі исламнан ешуақыт ажырамаған. Өмір ақиқаттығын іздеген жастар легі Мейірімді Алланың үйіне бет бұруда. Біздің міндет – сол мешіт табалдырығын аттаған жастарға ұлағатты тәлім-тәрбие беру. Сондай-ақ, қазақ аналарының даналығын бойжетіп келе жатқан қыздарымыздың бойына сіңдіріп, имандылық тәрбие беріп, бүгіндері инабатты келін атанып жатқан шәкірттеріміз де баршылық. Домалақ ана, Зере, Айғаным секілді әжелеріміздің мәртебесін көтеріп, көпті көрген әжелердің өмірлік тәжірибесін ортаға салып, жастарға үлгі ниетімен “Әжелер мектебі” құрылды. Шараларда дәстүрден сыр шертіп, қазақтың қолөнерлерін дәріптеп отырады. Жалпы әйел жамағатын жастарына, қызығушылықтарына қарай ортақ чаттан бөлек топтарға жіктедік:
- “Аяулы арулар” 14-25 жас;
- “Үлгілі келіндер” 18-35 жас;
- “Асыл аналар” 35-55 жас;
- “Ардақты әжелер” 55-тен жоғары.
Осылайша әр жас өкілдері өзара орта тауып, шараларда белсенді қатысып жүрді. Жыл сайын келіндер сайысы болатындықтан, биыл ерекшеленіп, “Қазақтың анасы бар әлемімен әдемі” атты облыстық асыл аналар байқауын өткіздік. Жас келін емес, өмір көрген аналарымыз діннен де, дәстүрден де сыр шертті. Тәуелсіздік мерекесінде де сол жолда құрбан болған, қыршыннан қиылған жастарымызды еске алып, Құран бағыштап, егемендіктің оңай келмегенін, басымызға қонған бақ екенін, сол нығметті аялап, қадірін түсініп, шүкіршілік етуіміз керектігін ұғындырар үлкен шара өткіздік.
“Иманым-байлығым-жаулығым” атты кимешектің құндылығын жеткізіп, “Қазақ аналары – Дәстүрге жол” республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысуымен үлкен рухани кеш ұйымдастырылды. Отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне сыйлықтар апарып, рухани шара жасап, қуантып жүрдік. Мешіт жамағаты мен “Әл-Әзһария” ҚМ бірлесіп өте көп істер атқарды. Әрбір шара дәстүрлі дінімізді насихаттап, ұлттық болмысымызға қайта оралу айтылып отырды.
Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың: “Дүние бір қазына. Соның ішінде, ең жақсысы – салиқалы әйел”, – дегені бар. Салиқалылық иманмен жетілетін қасиет. Ұрпақ тәрбиесіне қажет зор дүние. Азаматтардың көбісі ризық табумен сыртта жүрсе, ертелі-кеш перзенттің көзі анасында, құлағы бесік жырында, бағыты анасының тәрбиесінде болуы тиіс. Әйел үйдің берекеті, ошақ анасы, ұрпақты әкелуші. Ұрпақ әкелу – бір сәттік іс. Ал, бұл іс өмір бойына жалғасатын, дүниеден өтсе қияметке дейін, қияметте болса мәңгілік Жәннат не Тозаққа апарады. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесі ата-ананың иманына байланысты. “Ибалы қыз – иманды ұрпақ кепілі” дегендей, ұрпағымыздың жат ағымдар жетегінде кетпей, ұлт тірегі – отбасының түтінін түзу шығаратын аяулы жар, үлгілі келін, ардақты ана, асыл әже, бүтін ұлтты тәрбиелейтін қазақтың анасы болуы үшін діні мен діліне, салт-дәстүріне бекем бойжеткендерді қалыптастырып жатқан осындай бір мекеменің шәкірттері биік белестерді бағындыруда. Қарилық орталықтың шәкірттері біраз облыстық, республикалық додаларда жеңістерге жетіп, еңбектің жемісін беріп жүр. Ата-аналарына нұрдан тәж кигізуді армандайтын, жүректері Құран деп соғатын жастарымыз барда дін өлмейді. Ізгі қоғамды құрғымыз келсе, соқыр сенімге ілеспей, адамның дұрыс өмір сүру қағидаттары жазылған Алланың сөзіне, Құран Кәрімді түсініп, амал етуге ұмтылуымыз қажет. Бүгіндері мұсылмандардан кінәрат іздеп, дінді жаман етіп көрсетушілер көбейді. Алайда мұсылманда айып болғанмен, Ислам мінсіз екенін ұмытпайық. Саф дінді ата-бабамыз секілді дұрыс ұстана білейік!
ҚМДБ БҚО бойынша “Әйел-қыздар” секторы жетекшісі, облыстық “Ар-Рахман” мешітінің және “Әл-Әзһария” ҚМ қыздар қарилық орталығының ұстазы