ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ӨЗБЕКСТАН МҮФТИІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары дін басқармасының төрағасы, Бас мүфти Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Өзбекстанға барған сапарында Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Нуриддин Холиқназаровпен кездесті.

Наурызбай қажы Тағанұлы Өзбекстан мүфтиіне Ташкентте өткен Түркі елдері мүфтилерінің басқосуы жоғары деңгейде өткенін айтып, кездесуге шақырғаны үшін алғыс айтты.

«Аллаға шүкір, бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан мұсылмандары діни басқармалары тығыз байланыста қызмет етіп келеді. Ислам дінінің өркендеуіне Өзбекстанның қосқан үлесі өте зор. Алдағы уақытта деструктивті діни ағымдардың алдын алу, дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру, тарихи мұраларды дәріптеу, діни саладағы байланысты арттыру, ортақ пәтуалар қабылдау, діни мерекелерді бірге атап өту, діни туризмді дем беру, бірлескен жобаларды жүзеге асырып, тәжірибе алмасу бағытында ортақ жобаларды іске асыра береміз деген сенім мол» деді ҚМДБ Төрағасы.

Сонымен қатар Бас мүфти Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы ең жақын сенімді серіктесі және қазақ-өзбек халықтары бағзы заманнан бауырлас ел екенін атап өтті. «Бізді біріктіретін құндылықтар көп. Діни мектебіміз бен мәзһабымыз бір. Сондықтан екі ел арасындағы бауырластық байланысымыз арта бергей! Осы жолда қажырлы еңбек етуді Алла нәсіп етсін!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу соңында Бас мүфти қазақы дәстүр бойынша Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Нуриддин Холиқназаровтың иығына шапан жауап, сый-сияпат ұсынды.