МҮФТИЛЕР «МІР-АРАБ» МЕДРЕСЕСІН ЗИЯРАТ ЕТТІ (ФОТО)

Бұқара қаласына барған сапарында Түркі елдерінің мүфтилері 500 жылдығы тойланып жатқан атақты «Мір-Араб» медресе-кешенін зиярат етті.

Бұқара қаласының негізгі сәулет ескерткіші саналатын бұл кешенде XII-XVI ғасырларда бой көтерген үш сәулет нысаны бар. Олар – Калан мұнарасы, Калан мешіті және бес ғасырлық тарихы бар «Мір-Араб» медресесі. Түркі елдерінің мүфтилері көнеден келе жатқан Калан мешітінде және осы кешенде жерленген шейх Мір Араб пен Убайдулла ханның зиратында болып, Құран бағыштады.

Мұндағы Калан мешіті бұрынғы Қарахан дәуіріндегі ескі мешіттің үстіне тұрғызылған. Мешіттің іргетасын XV ғасырда Арсылан хан қалаған, 1514 жылы толықтай аяқталған. 1536 жылы Убайдулла хан дін ғұламасы, шейх Абдулла Йаманиге (лақап аты – Мір Араб) арнап медресе салдырған. Мір Араб та, Убайдулла хан да осы кешен аумағында жерленген.

Сонымен қатар мүфтилер «Мір-Араб» медресесіне бас сұқты. Шайбанилер кезінде салынған медресе Бұқар хандығы кезінде ең ірі дін орталығы қызметін атқарған. Кеңес одағы кезінде медресе толықтай жабылып, қараусыз қалған. Орталық Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (САДУМ) құрылғаннан кейін, 1946 жылы «Мір-Араб» медресесі қайта жұмыс істей бастаған. 1989 жылға дейін «Мір-Араб» медресесі КСРО аумағындағы негізгі діни оқу орны болды. Медресе қабырғасында Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Абдолла Жолдас, Асылхан Өмірзақұлы, Бекайдар Әміре секілді еліміздің дін ғалымдары білім алған.

Ал кешен аумағындағы Калан мұнарасы 1127 жылы Арсылан ханның бастамасы бойынша тұрғызылған. Мұнараға тоғыз ғасырдан бері бір де бір рет жөндеу жасалмай, бастапқы қалпын сақтап тұр.