الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Әлемдердің Раббысы Алла Тағала бүкіл жаратылысты жоқтан бар етіп, оларды иләһи жүйе мен тәртіпке бағындырып қойған. Осы тәртіппен аспан әлеміндегі планеталар, жұлдыздар бір-бірімен қақтығыспай, милиардтаған жылдар бойы орасан жылдамдықпен қозғалыс үстінде. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَآيَةٌ لَّهُمُ اللَّيْلُ نَسْلَخُ مِنْهُ النَّهَارَ فَإِذَا هُم مُّظْلِمُونَ. وَالشَّمْسُ تَجْرِي لِمُسْتَقَرٍّ لَّهَا ذَلِكَ تَقْدِيرُ الْعَزِيزِ الْعَلِيمِ. وَالْقَمَرَ قَدَّرْنَاهُ مَنَازِلَ حَتَّى عَادَ كَالعُرجُونِ الْقَدِيمِ. لاَ الشَّمْسُ يَنبَغِي لَهَا أَن تُدْرِكَ القَمَرَ وَلاَ اللَّيْلُ سَابِقُ النَّهَارِ وَكُلٌّ فِي فَلَكٍ يَسْبَحُونَ
«Оларға түн бір белгі. Одан күндізді ажыратамыз. Сонда олар, қараңғылықта қалады. Сондай-ақ күн белгіленген көлемінде жүреді. Міне, осы аса үстем, әр нәрсені білуші Алланың өлшеуі. Тағы айдың орындарын да өлшеп қойдық. Ескі құрманың қураған бұтағындай болғанға дейін. Күннің айға жетуі мүмкін емес. Және түн де күндізден ілгерлемейді. Барлығы көкте жүзеді», – деп айтқан («Ясин» сүресі, 37-40-аяттар).
Алла Тағаланың жаратылыстарының барлығы осындай керемет тәртіпке бағынып тұрғанда сол жаратылыстарының ішіндегі ең көркемі деп танылған адам баласының өмірінде бейберекетсіз орын алуына болмайды. Дінімізде мұсылман адамның құлшылығы, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мінез-құлқы сынды барлық істері белгілі тәртіптен тұрады. Мысалға, намаз құлшылығын алайық. Намазға дайындалып дәрет алғанда әр ағза тәртібімен жуылады. Намаз уақыты кіргенде азан айтылуы қажет. Азан намаз уақытынан кешіктірілмейді әрі ерте айтылмайды. Азанның өзінің арнаулы айтылатын сөздері бар. Оған басқа сөздерді қосуға не белгіленген сөздерді алып тастауға болмайды. Намаз арнайы белгіленген уақытта, белгіленген рәкағат санымен оқылады. Құлақ қағу мен басталып, сәлеммен аяқталады. Парыз намазындағы саптардың біркелкі болуына аса мән беріледі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
سَوُّوا صُفُوفَكُمْ فَإِنَّ تَسْوِيَةَ الصَّفِّ مِنْ تَمَامِ الصَّلَاةِ
«Саптарыңды түзеңдер. Расында, сапты түзеу намаздың кәміл болуының белгілерінен», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Намазда ең бірінші болып имам, оның артынан ер адамдар, кейін балалар, соңында әйел адамдар тұрады. Имамға ұйып оқылатын намаздарда жамағат іс қимылдарында имамнан озып кетулеріне болмайды. Ендеше намаздың өзі бастан аяқ тәртіп пен жүйеден тұрады.
Ораза ғибадатына мән берер болсақ та, ораза айлардың ішінде белгіленген арнайы айда ұсталады. Ораза ұстаушы белгілі уақытта ауыз бекітіп, белгілі уақытта ашуы тиіс. Зекетті де нисап мөлшері жеткен адамдар, малдарының белгілі мөлшерін, арнайы уақытта береді. Қажылық ғибадаты да арнайы шарттармен белгілі уақытта, арнайы жерде орындалады. Алла Тағаланың біздерге жүктеген ғибадаттарындағы осындай тәртіпке негізделуі – біздер үшін үлкен тәрбие.
Бұдан мұсылман адам үшін тәртіптің маңызы өте үлкен екен түсінеміз.
Жазушы Мұхтар Әуезов: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деуінде үлкен мән-мағына бар. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деген.
Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде тікелей тәртіп туралы айтылмаса да, оның маңызы, тәртіп сақтаудың артықшылығы жөнінде меңзелген көптеген аят пен хадистер бар. Көпшілікке түсінікті болуы үшін тәртіпті мынадай үш түрге бөліп түсіндіруді жөн көрдік:
Бірінші: Жеке бастың тәртібі
Адамның адамгершілігі, мінез-құлқы мен әдебі өзін қалай ұстауына, тәртібі мен тәрбиесінен байқалады. Ислам тарихына назар аударсақ уахидың алғашқы кезеңінен бастап, Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын тәртіп пен әдепке тәрбиелеген. Өйткені адамзатқа асыл дінімізді жеткізетін жандар өте көркем мінез-құлық иесі, тәртібі мен әдебі үйлескен жандар болуы керек еді. Сондықтан асыл дініміздегі әдеп қағидалары толығымен тәртіп пен тәрбиеден тұрады. Кімнің тәртібі берік болса, оның әдебі көркем болады. Ал кімнің әдебі көркем болса, оның діні көркем болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тахрим» сүресі, 6-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنْفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар», – деп айтқан. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) аталмыш аятты: «Оларға әдеп пен білім үйрет», – деп түсіндірген. Демек адамның екі дүниелік бақытқа жетуінің бір себебі – әдепті де білімді, тәртіпті де тәрбиелі болуы.
Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Құран аяттары арқылы Алла Тағаланың Өзі тәрбиелеген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ أَدَّبَنِي فَأَحْسَنَ أَدَبِي
«Расында, Алла Тағала мені тәрбиелеп, әдебімді көркем етті», – деген.
Алла Тағала үйреткен Иләһи тәртіппен Алла Елшісі адамдарға дінді өте жеңіл қабыл ететіндей, бірте-бірте үйреткен. Арақтың тыйым етілуі бірнеше сатыдан тұрған. Қасиетті Құран аятында ең басында оның зияны турасында айтылып, кейін мас болған күйде намазға тұру тыйым етілді. Осыдан кейін ғана арақтың бүтіндей харам етілгені жайында аят түсті. Адамдар ол кезде арақты көп ішетін болғандықтан арақтың бірден харам етілуі олар үшін ауыр келетін еді. Сондықтан олардың табиғатын алдымен осыған дайындап, кейін қажетті уақытта бүтіндей тыйым етілу арқылы барлығы арақ ішуден тыйылды. Бұлай насихат айту – адам баласына кез-келген білетін мағлұматын жеткізу емес, белгілі бір тәртіппен жеткізілетініне дәлел.
Осындай тәртіптің маңызын айқындайтын көптеген дәлелдер бар. Біздерді жүйелілік пен тәртіпке шақырған хадистерінің бірінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَحَبُّ الْأَعْمَالِ إِلَى اللهِ تَعَالَى أَدْوَمُهَا وَإِنْ قَلّ
«Амалдардың ішінде Алла Тағалаға ең сүйікті болғаны – аз болса да үзілмей жалғасып тұратыны», – деген (имам Бұхари).
Бұл хадисте мұсылман адам қандай да бір істі бастағаннан кейін, оны үзбей, өз уақытында, тәртібіне сай әркез жасап тұруы қажеттігі айтылған. Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын) атылмыш хадисті: «Бұл хадис амал жасауда тұрақты болуға жігерлендіреді. Онда аз болса да үзілмей, әркез жалғасып тұратын амал, кейде атқарылатын көп амалдан артық екені әрі үзілмей атқарылатын аз амал кейде ғана атқарылатын көп амалға қарағанда әлде қайда көп пайда әкелетіні баяндалуда», – деп түсіндірген.
Қисса
Бір дана адам бос құмыраны алып, таспен толтырады. Шәкірттерін жинап, оларға: «Құмыра толы ма?» – деп сұрақ қояды. Шәкірттері: «Иә», – деп жауап береді. Дана адам енді бұршақ толы ыдысты алып келіп, бұршақты түгелдей құмыраға құяды. Бұршақ тас арасындағы бос жерді толтырды. Сонда дана: «Енді құмыра толы ма?» – деп сұрайды. Шәкірттері бас изеді. Бұл жолы құм толып тұрған ыдысты алып, ондағы құмды құмыраға құйды. Құм бұршақ пен тас арасынан өтіп, бүкіл бос жерді толтырды. Дана шәкірттерінен тағы да: «Құмыра толды ма?» – деп сұрап, бұл жолы да «иә» деген жауап алды. Сонда дана суға толы кесені алып, ондағы суды құмыраға құйды. Дана адам осы кезде шәкірттеріне былай деді: «Сендерге айтайын дегенім, құмыра – біздің өміріміз. Тас – өміріміздің басты бөліктері: балалар, отбасы, достар, денсаулық. Бұршақ – бізге қуаныш сыйлайтын дүние, бірақ ең маңызды нәрсе емес. Құм болса кез келген адамның өмірінде бар ұсақ-түйек нәрселер.
Егер басында құмыраны құмға толтырсаңыз, бұршақ түгілі тасқа да орын қалмайды. Өмірде де солай: ұсақ-түйекке уақыт жұмсасаң, бастысына уақытың жетпейді. Әр нәрсе өз тәртібімен болуы қажет», – деген екен.
Екінші: Отбасылық тәртіп
Отбасы мүшелерінің бақытты да баянды ғұмыр кешулері үшін отбасында белгілі бір тәртіп пен жүйе болғаны дұрыс. Халқымызда дінімізбен ұштасқан отбасында үлкендерді құрметтеу, олардың ризалығын алу, ер мен әйелдің бір-бірін сыйлауы, дастарқанда ең әуелі үлкен кісі бастап асқа қол салу, астан кейін бата жасағаннан соң тұру сияқты тәртіп пен тәрбиемізді көрсететін істер көп.
Отбасылы ер мен әйелдің өз отбасылық міндетін атқаруы да отбасындағы тәртіпке жатады. Алла Тағала Құран аятында былай дейді:
وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ
«Ерлердің әйелдердегі ақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі ақылары бар», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 228-аят).
Дініміздегі отбасылық тәртіп ер мен әйелдің екеуінен де талап етіледі. Ер адам әйел адамның нәзік табиғатын ескеріп, оны балаларының анасы ретінде сыйлап, барынша құрмет етуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
خِيَارُكُمْ خِيَارُكُمْ لِنِسائِهِمْ
«Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандырың», – деген (имам Тирмизи).
Мұғауя (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте: «Бірде мен: «Уа, Алланың Елшісі! Біздің әр қайсысымызда, әйелдеріміздің қандай ақысы бар?» – деп сұрадым. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен өзің тамақ ішсең, оны тамақтандыруың керек, өзің киінсең, оны киіндіруің керек және де сен оны жүзінен ұруыңа, жаман сөздер айтуыңа, үйден тыс жерде одан теріс айналып кетуіңе болмайды», – деп жауап қатты», – деді.
Сол сияқты әйел адам да ер адамды балаларының әкесі, шаңырағының иесі ретінде сыйлай білуі қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِذَا صَلَّتِ الْمَرْأَةُ خَمْسَهَا، وَصَامَتْ شَهْرَهَا، وَحَفِظَتْ فَرْجَهَا، وَأَطَاعَتْ زَوْجَهَا، قِيلَ لَهَا: ادْخُلِي الْجَنَّةَ مِنْ أَيِّ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ شِئْتِ
«Әйел адам бес уақыт намазын оқыса, рамазан айының оразасын ұстап, ар намысына ие болып және күйеуіне бағынатын болса, жәннаттың қалаған есігінен кіретін болады», – деген.
Осындай тәртіп пен жүйе, өзара сыйластық қалыптасқан отбасында береке орнайды. Жүсіп Баласағұни: «Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» деп айтқанындай отбасында әдеп пен тәрбиені, тәртіп пен жүйені көріп өскен балалардың бойында да ізгі қасиеттер көрініс табады.
Үшінші: Қоғамдық тәртіп
Адамдардың дұрыс өмір сүруі үшін әрбір адам қоғамдық тәртіпті сақтауы маңызды. Қоғамдық тәртіпті сақтамай, өзгелерге зиян тигізу күнәлі іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 58-аятында:
وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ بِغَيْرِ مَا اكْتَسَبُوا فَقَدِ احْتَمَلُوا بُهْتَانًا وَإِثْمًا مُبِينًا
«Сондай мүмин ер мен мүмин әйелдерге жазықсыз зиян тигізгендер, әрине олар жала жауып, ашық күнә жүктеп алды», – деп айтқан.
Ислам тарихында орын алған Ухуд шайқасындағы садақшылардың Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан тәртіпке бағынбай, таудан түсіп кеткені үшін мұсылмандардың жеңіліске ұшырауы баршамызға үлкен ғибрат.
Қоғамдық тәртіпті сақтауға заңға бағыну, адамдардың құқығына құрметпен қарау, жол ережесін бұзбау, өзгелерге зиян бермеу, табиғатты ластамау сияқты т.б. істер жатады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 56-аятында:
وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا
«Жер беті түзетілгеннен кейін, онда бүлдірушілік (бұзықшылық) жасамаңдар», – деп ескерткен.
Мұсылман адам өзге адамдарға зиян беретін кез келген іс-әрекеттен сақтануы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)
اتَّقُوا اللَّعَّانَيْنِ بِصِيغَةِ التَّثْنِيَةِ وَفِي رِوَايَةِ مُسْلِمٍ قَالُوا : وَمَا اللَّاعِنَانِ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ : الَّذِي يَتَخَلَّى فِي طَرِيقِ النَّاسِ أَوْ فِي ظِلِّهِمْ
«Екі лағынеттеушіден сақтаныңдар!» – дегенде: «Уа, Алланың Елшісі! Екі лағынеттеуші дегеніңіз кімдер?» – деп сұрғанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олар адамдар жүретін жолға не олар көлеңкелеп отыратын жерлерге дәрет сындырушылар», – деген» (имам Мүслим).
Тағы бір хадисте:
اتَّقُوا الْمَلَاعِنَ الثَّلَاثَةَ الْبَرَازَ فِي الْمَوَارِدِ وَقَارِعَةِ الطَّرِيقِ وَالظِّلِّ
«Лағынет әкелетін үш істен сақтаныңдар (олар): бұлақтарға, жол ортасында және көлеңкеде үлкен дәрет сындыру», – деп айтылған (имам Әбу Дәуіт).
Хадистегі «көлеңке» деп – жаз мезгіліндегі ыстықта адамдардың жиналып отыратын көлеңкелі орындарды айтқан. Лағынет сөзінің мағынасы – Алла Тағаланың мейірімінен алыстау. Аяттар мен хадистерде бұл сөз әдетте үлкен күнәлі істерге қатысты қолданылады. Яғни, өзге адамдарға мейірімділік танытпай, оларға зиян беру, адамның Алла Тағаланың мейірімінен алыстауына себеп болады. Хадисте бұлақтар, жол ортасы, көлеңке сияқты адамдар қолданатын жерлерге дәрет сындыру күнә екенін түсіндіру арқылы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоғамдық тәртіпке шақырып, өзгелерге зиян тигізетін барлық істерден тыйған. Сондықтан бүгінгі қоғамда да адамзат баласы үшін қажетті заттарға құрметпен қарап, тәртіпке бағынуымыз қажет.
Қадірменді жамағат!
«Тәртіп – тәрбие бастауы, тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы» деп айтылғанындай, адам баласы жеке өзінің, отбасының және қоғамдың тәртіпті сақтауды дінінің талабы деп білуі тиіс. Бауыржан Момышұлы бабамыз да «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», – деп текке айтпаған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، وَالإِمَامُ رَاعٍ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، الرَّجُلُ رَاعٍ فِي أَهْلِ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، وَالْمَرْأَةُ رَاعِيَةٌ فِي بَيْتِ زَوْجِهَا وَ مَسْئُولَةٌ عَنْ رَعِيَّتِهَا ، وَ الْخَادِمُ رَاعٍ فِي مَالِ سِيدِهِ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ، وَ كُلُّكُمْ رَاعٍ وَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ ». مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ
«Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер: әмірші бақташы саналады, өзінің баққанына жауапты. Еркек өзінің жанұясының бақташысы, әрі ол үшін жауапты. Әйел де күйеуінің үйінің бақташысы саналады. Әрі өзінің баққанына жауап береді. Қызметші иесінің малына жауапты, ол да өзінің баққанына жауапты. Сол үшінде әрқайсысың бақташысыңдар және әрқайсысың баққандарыңа жауапкерсіңдер», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
13.10.2023 2481