Дін және қоғам

БЕЙБАРЫС СҰЛТАН ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді қазақ. Десек те, бөтен елде сұлтан болып, тарихта қалған тұлғалар да бар. Өз заманының озық ойлы оғланы, Ислам құтқарушысы атанған дарынды қолбасшы, ана тілінде сөйлеп, ата дәстүрін сақтаған, Атырау топырағының тумасы Рукнуддин Бейбарыс әл-Бундуқтаридің өмірі – бұған айқын дәлел.
Ол 14-15 жасынан құлдыққа түсіп, Мысыр мен Шам сұлтаны Наджмуддин Аюптың назарына ілігіп, оның әскері сапында 40 қамал алған батыр. Әрі пирамида үстіне киіз үй тіккен, асқақ абыройына масаттанбаған мәмлүк билеушілерінің ішіндегі ең даңқты қолбасшы. Алғашқы діни оқу орнын салып, мұсылмандарға шынайы қамқорлық көрсеткен де осы Бейбарыс.
Сол баһадүр бабамыздың әр жеңісі мен жетістігіне байланысты есіміне бірнеше атау қосылып отырған. Мысыр мен Шамды қамтыған билік иесі Бейбарыстың ресми толық аты-жөні – қаһарлы патша, кейіннен нағыз патша, айбатты арыстан Абулфутух Рукнуддин уа дуния Бейбарыс бин Абдулла әл-Бундуқтари ас-Салихи ан-Наджами ал-Аюби әл-Ханафи ат-Турки. Енді осы аталғандардың ішінен әл-Ханафи мен Рукнуддин есімдеріне толығырақ тоқталып кетсек.
Жалпы, әл-Ханафи есімі сұлтанның Ислам дінінің Ханафи мәзһабын ұстанушысы екендігін көрсетеді. Ал Рукнуддин есімі «Рукн» cөзінен шыққан. Арабшадан аударғанда «негіз», «тіреу» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұл есім дін тірегі, қорғаушысы деген мағынаға саяды.
Иә, Бейбарыс сұлтан өз халқының тек материалдық жағдайына ғана емес, сонымен қатар діни білімін жетілдіруге, адами қасиеттерін шыңдауға айрықша мән берген. Ибн Касир ол туралы: «…Шарап ішуге тыйым салды, жезөкшелікті тоқтатты. Бар күш-жігері мен қуатын жемқорлықты, кесір мен бұзықтықты жоюға жұмсады»,- десе, тарихшылар Бейбарыс сұлтан ораза кезінде 5000 адамға ауызашар беретіндігін жазған. Сондай-ақ жетімдерді тамақ, киіммен қамтамасыз етіп қана қоймай, діни медресе жанынан олар үшін Құран оқыту мектебін ашқан. Араб тарихшысы Ибн Шаддадтың: «Бейбарыс бес уақыт намазын жолға шықса да, қаза етпейтін. Қасындағы мәмлүктерге арнайы мұғалім тағайындап, намаз оқытатын имамдарына дейін сайлайтын», – деген сөзінен сұлтанның өзі Алланың парыздарына ыждағаттылықпен қарағанын аңғару қиын емес.
Тағы бір ескеретін жайт – моңғол шапқыншылығының нәтижесінде халифат жойылып, Мекке басшысының татарлармен ауыз жаласуы салдарынан 12 жыл үзілген қажылықты да қайта жандандырған. Мұсылман жерлерін дінсіздерден тазартып, діннің қайтадан бүршік жаруына қосқан үлесі де орасан. Сондықтан «Рукну-д-дуния уа-д-дин» – дүние һәм дін тірегінің титуылы – Бейбарыстың еңбегіне берілген лайықты баға. Сұлтанның бұл титулы Каир қаласындағы Бейбарыс медресесінің бізге жеткен бөлігіндегі мешіт қақпасына бекітілген тақтайша мен Каирдың әл-Хусейния ауданында орналасқан Ислам өнері музейі қабырғасына қашалып жазылған.
Шынында, Бейбарыс сұлтан – Мысыр елінің сәулет өнері мен Ислам өркениетіне өшпестей із қалдырған адам. Әрі ол басып алған немесе қайтарып алған елді мекендер мен қалаларда кем дегенде бір мешіт салдырып отырған. Бұдан бөлек Мысыр мен Шамның қалалары мен ауылдарына мешіттерден медреселер мен салтанатты сарайлар һәм тұрғын үйлер көтерген. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинадағы күмбезі мен Иерусалимдегі Қубба ас-Сахра мешіттерін жөндеуге де атсалысқан. Бір өкініштісі, өзі салдырған медресенің тек қақпасы ғана сақталған. Осы жерде Ислам әлеміндегі, бәлки, дүниежүзіндегі алғашқы діни оқу орны саналатын Каир қаласындағы әл-Азһар («Жарқыраған мешіт») университетінің мешітін қалпына келтіріп, құтпа орнатқанын да айта кеткен артық болмас. Бұл оқу орнында күні бүгінге дейін қаншама мұсылман бауырларымыз діни білім алуға барып жатыр.
Каир қаласының сыртқы жағында салдырған мешіті жайында бірер сөз айтсақ. Оны сол замандағы үздік үлгімен, ең қымбат құрылыс материалдарынан тұрғызған. Бірақ кейіннен бұл ғимарат әртүрлі мақсатта қолданылып, алғашқы қалпы өзгеріске ұшыраған. Мәселен, Наполеонның Мысырға жасаған әскери жорығында француз әскері мешітті қорғаныс ретінде пайдаланса, Мұхаммад Әли деген Мысыр билеушісі әскери казармаға айналдырған. Ағылшындар наубайхана ретінде қолданған. Әрине, Бейбарыс сұлтанның дін үшін салдырған мешітінің осындай қызметтерге пайдаланылуы жүрегінде иманы бар кез келген мұсылманның жанына батары анық.
Бір таңқаларлығы – Бейбарыс сұлтан осындай құлшылық мекендерін түрлі керек-жарақпен, ондағы қызметкерлерді киім-кешек, тамақ және жалақымен қамтамасыз етіп отырған. Мұндай әрекеттерді шариғатта «уақып» деп атайды. «Уақып» – Алла жолында жасалатын жақсылықтардың бірі. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Адамдар қайтыс болған кезінде бүкіл амалдары тоқтатылады. Бірақ үш амалдың сауабы тоқтамайды. Олар: жалғасын тапқан садақа, пайдалы ілім және марқұмның соңынан ұрпақтары бағыштаған дұға».
Мысыр үкіметі осынау тарихи мұраны қалыпқа келтіруді өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ғана қолға алған. Алайда қаражат жетіспеушілігінен жөндеу жұмыстары тоқтап қала берген. Тек Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне қол жеткізген соң, Бейбарыс сұлтанның мешітін жөндеуге үлес қосып, мүмкіндігінше қаражат бөледі. Екі елдің бірлескен осындай іс-әрекеті арқасында «әз-Захир Байбарыс мешіті» қайта жанданып, биыл маусым айының төртінші жұлдызында оның салтанатты ашылуы өтті. Бұл – Қазақстан халқы мен Мысыр елінің Бейбарыстың туғанына 800 жыл толуына орай жасаған ерекше тартуы болды. Осы тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) жанынан уақып қоры ашылғанын көпке айта кеткен жөн. Алла разалығы үшін қайырымдылықты неден бастарын білмей жүрген ізгі ниетті жандарға бұл үлкен сауапты қадам болары хақ.
Түйін сөзге келсек, 17 жыл сұлтан болған Бейбарыс Ислам әлемінің ең ұлы патшаларының бірі екеніне еш күмән жоқ.
Наурыз УБАЕВ, Ар-Рахман мешітінің наиб имамы