Республика күніне орай Теректі аудандық мешіті және «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жамағат арасында шағын футболдан аудандық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында Теректі аудандық мешітінің бас имамы Амантай Бақтығали қатысушы командаларға «қош келдіңіз» айтып, сәттілік тіледі. Төреші Нұрлан Жасұланов ойынның ережесімен таныстырды.
Үш жарым сағат бойы тартысты өткен турнирге 4 команда қатысып, бақ сынады.
Сайыс нәтижесінде «Подстепный жамағаты» командасының айы оңынан туып, І орынды қанжығасына байлады. ІІ орын «Теректі жамағатына» бұйырды. ІІІ орынға «Бірлік» командасы лайық деп танылды. Подстепный ауылының жастарынан құрылған «Подстепный жастары» командасы белсенді қатысқаны үшін алғысхатқа ие болды.
Турнирде көзге түскен үздік ойыншылар да назардан тыс қалмады. Әлисұлтан Байбулатов «Үздік ойыншы», Нұрмұхаммед Аманжол «Үздік қорғаушы» және Ақжол Ізтілеуов «Үздік шабуылшы» атанды.
Жеңімпаз командалар «Бірлік» қоғамдық бірлестігі атынан диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Теректі аудандық мешітінің баспасөз қызметі