Кеше Жетікөл ауылдық округіндегі тарихи Дат мешітінің орынына арнайы белгі қойылды. Даттың ұлынан даланың даңқты тұлғасына айналған Сырым батырдың 280 жылдық тойы қарсаңындағы игі жұмысты Дат ұрпақтары өз қаражаттарымен атқарыпты. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі, өңірдің бас имамы Бақытжан Құралбайұлы, белгілі меценат Құсайын қажы Бақтияров және Байбақты Даттың ұрпақтары қатысты.
- Мешіт орыны қалай табылды? – деген сауалды тарқатайық.
Осыдан үш жыл бұрын белгілі өлкетанушы, жерлесіміз Нұржан Төлеповпен және Жұмағазы Хазіреттің ұрпағы Ғарифолла Жанбозовпен бірге Жетікөл ауылдық округіне барған едік. Нұржан мырза қолындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік архивінен алған Қызыл Армияның бас штабы 1937 – 1941 жылдары пайдаланған әскери картадағы «Дат мечеть» деген орынды іздеп келіпті. Жергілікті аңшы Киікбай Қайырғожин, Даттың үлкен қариясы Ерсайын Рамазанов жоғымызды бірге іздесті. Кейін карта мен қарттың арқасында Жетікөл ауылының іргесінде, Бұлдырты өзенінің иініндегі тарихи Дат мешіті тұрған жерді де тапқанбыз. Мешіт қабырғасы мен мұнарасының қалдықтары – қызыл кірпіштер, кешегі діннің сәулетті дәуірінің мұрасындай.
Жетікөл өңірінде қырық ишан болған деген де дерек жиі айтылатын. Сол сапарда сәті түсіп қырық ишанның бірі – Мұхамеднияз Құдайбергенұлының құлпытасы да анықталды. «Сырым елі» газетінде жариялаған «ДАЛА ЖҰМБАҒЫ: ДАТ МЕШІТІ ЖӘНЕ МҰХАМЕДНИЯЗ ИШАН» атты мақаламызды оқырман көзі шалған болар.
Дат мешітін кешенді зерттеу объектісіне айналдырған – белгілі журналист, өлкетануш, ел газеті – «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы. Қазыбек мырза бүгінгі уақытта ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың қарашасындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы негізінде жасақталған өңірлік жұмыс тобына енді. Репрессияға ұшыраған дін қызметкерлері бойынша комиссияның төрағасы биыл Дат мешітіне қатысты тың мәліметті қолға түсірді. Өлкетанушы кеше белгіні ашу рәсіміне қатысты. - Дат мешіті ХІХ – ХХ ғасырда осы өңірдегі үлкен діни орталықтардың бірі болды. Қоспадағы Шүйеке шейх пен Қуанай Хазіреттің , Сайқұдық бойындағы Дәулетияр ишанның, Базартөбедегі Мәулімбердінің, Жаңақала Ибрагим, Ғұбайдолла Хазіреттердің мешіттері осындай білім кешеніне жатады. Дат мешітінің жанында екі медресе болған. Қариялар орынын да көрсетті. Демек, Жетікөл даласында университет дәрежесіндегі діни орталық болған. Бұл жерде білімді хазіреттер мен ишандар қызмет еткен.
Менің көзіме түскен бір дерек – 1905 жылы Батыс өңірінің ишан – хазіреттері орыс патшасына қазақтың жерді емін – еркін пайдалануына және діни бостандығына жағдай жасау туралы хат жазыпты. Оған 22 адам қол қойған. Соның бірі Мұхаммедсары ишан Төлепбергенұлы – Дат мешітінде еңбек еткен. Ел оны «Сары ишан» деп таниды. Кейінгі ұрпақтары да дін ұстаған. Біз тарихи хат негізінде «Жайық Пресс» ЖШС жанынан «Дін үшін, жер үшін…» атауымен жинақ шығардық.
Ел аузындағы «Қырық ишан» жөніндегі әңгіме де бекер емес. 1929 жылы репрессияның алғашқы толқынында дәл осы даладан 30 адам айыпталып, 15 – і ату жазасына кесілген. 1936 – 37 жылдары қалған молда, имам, ишандар қудаланды, жер аударылды, атылды. Діни ахуалдың азып – тозуы осылай басталды. Дегенмен, тарих түгенделіп, далада қайтадан ұлттық рух салтанат құруда. Дат мешітінің орынына белгі қойылды. Бұл – өнегелі іс, үлгілі үрдіс. – деді газетке берген сұхбатында Қазыбек Құттымұратұлы.
Ел Қосарал ауылында бабалар рухына Құран оқытып, ас берді. Дастархан басында жұрт амандығы үшін дұға жасалды.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы