ҚҰРБАН АЙТ ҚАРСАҢЫНДА ОНЛАЙН/ОФЛАЙН ФОРМАТТА СЕМИНАР ӨТТІ

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай «Халал Даму» мекемесінің ұйымдастыруымен «Қасапшылық – сауапты әрі жауапты қызмет» тақырыбында онлайн/офлайн форматта семинар өтті.

Семинарға Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы, жергілікті инспекциялық бақылаушылар, өңірлік жауапты өкілдер мен қасапшылар қатысты.

Қазіргі таңда еліміз бойынша «QMDB HALAL» куәлігіне ие 42 қасапхана мен 431 қасапшы қызмет көрсетуде.

«Халал Даму» директоры Айбек Аташевтің жетекшілігімен «Zoom» платформасында өткен жиында Құрбан айт кезінде құрбан шалу рәсімін шариғат талаптарына сай орындаудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар мал сою барысында сақталуы тиіс негізгі қағидалар мен әдептер айтылды:

  • Пышақты малға көрсетпей қайрау;
  • Малды сол жамбасымен жатқызып, құбылаға қарату;
  • Құрбан шалуға ниет ету;
  • «Бисмиллә, Аллаhу Акбар» деп айту;
  • Өңеш, кеңірдек және екі күре тамырын кесу;
  • Қан толық ағып, жан тапсырғанша күту.

Семинар соңында Айбек Асқарбекұлы қасапшылардың сауалдарына жауап беріп, Құрбан айт күндеріндегі олардың қызметі аса маңызды екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, ҚМДБ-ның арнайы qurban.muftyat.kz сайты арқылы құрбан малына тапсырыс беріп, құрбандық рәсімін онлайн өткізуге мүмкіндік бар.