Қасиетті жұмада Теректі ауданы, Ақсуат ауылында «Ләйлетул-Қадр» мешіті ашылды.
Рухани және құлшылық ордасының салтанатты ашылу рәсіміне ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Бақытжан қажы Сабралиев, облыстық дін істері басқармасының басшысы Мақсат Аралбайұлы, Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ержан Досмақов, ауыл әкімі Жаннұр Бекбауұлы, Орал орталық мешітінің «Ақсақалдар» алқасының мүшелері, аудан мен ауыл мешіттерінің имамдары, ауыл тұрғындары қатысты.
Ашылу салтанатында ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Бақытжан Құралбайұлы сөз сөйлеп, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, осындай жаңа мешіт ашылуы үлкен игі іс. Бұл мешіт осы ауылдың рухани ордасына айналуы сөзсіз. Кім-кімде де дәулет болуы мүмкін, бірақ осындай мешіт салуды кез-келген адамға Ұлы Жаратушы нәсіп ете бермейді. Осы мешітті салған иманды азаматтар аса сауапты іс жасап жатқандарын айтып, алғыс хатпен марапаттап, жаңа мешітке арнап қасиетті Құран тарту етті.
Мешіттің лентасын Бас имам Бақытжан Құралбайұлы мен ақсақал Ғұмар қажы Құрақов қиылған соң, жамағат жұма намазын оқып, Аллаға шүкіршілік айтып, ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін дұға жасады.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі