Бүгін Астана қаласында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Ғұламалар кеңесінің XXXІХ мәжілісі қорытындыланды.
ҚМДБ Төрағасы қоғамдағы түрлі мәселелерге қатысты пәтуаларды қабылдауда ыждағаттылық танытқан кеңес мүшелеріне риясыз ризашылығын білдірді.
Екі күнге созылған мәжіліс барысында Ғұламалар кеңесі бірқатар пәтуалар мен құжаттарды талқылады. Нәтижесінде «лудомания (ойынқұмарлық) үкімі», «интернет дүкен арқылы сауда жасау үкімі», «ақшаның құнсыздануына қатысты қарызды қайтару үкімі», «мешітте екінші жамағат болып намаз оқудың үкімі», «электронды құралдар арқылы валюта айырбастаудың үкімі» тақырыбында әзірленген пәтуалар қабылданды. Сондай-ақ, кеңес мәжілісінде «Қарилар орталығын ашу мен басқару ережесі» құжатының мәтіні мен мазмұны бекітілді.
Айта кетейік, Ғұламалар кеңесінің кезекті мәжілісінде қабылданған пәтуалар Діни басқарманың ресми баспасөз құралдарына жарияланады.