НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ СЪЕЗДІҢ ҚҰРМЕТ МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ (ФОТО)

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешіміне сәйкес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Құрмет медалімен марапатталды.

Медалді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев табыстады.

Айта кетсек, бүгін Астана қаласында Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының ХХІ отырысы өтті. Хатшылық отырысында әлемнің 23 елінен келген дін лидерлері мен өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінде қабылданған Декларациядағы мақсат-міндеттердің іске асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілді.