ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ҚЫЗДАР МЕДРЕСЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облысына барған сапарында Ақтау қаласында салынып жатқан қыздар медресесінің құрылысымен танысты.

Бас мүфти құрылыстың сапасы мен жұмыс барысында қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз етудің маңызын айрықша атап өтті.

«Қазақта «Бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген даналы сөз бар. Қыз тәрбиесіне мән берген аталарымыз «Ұлды тәрбиелесең елді тәрбиелейсің, қызды тәрбиелесең ұлтты тәрбиелейсің» деп өсиет еткен. Расында қыз тәрбиесі қашан да өзінің өзектілігін жойған емес. Салынып жатқан бұл медресе қазақ қыздарын имандылыққа тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосады деп сенемін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, медреседе білім берумен қатар қыздарды үй шаруасына баулу, тігін үйрету жағы да қарастырылған.