Отанды сүю-иманнан

Отан – отбасынан басталады. Адамның туып-өскен жері, ауылы, мекені, т.б. Отан деген ұғымның ішіне кіретіні сөзсіз.

     Мәшһүр сахабалардың бірі болған Біләл (р.ғ.) Мәдинаға көшіп барған кездерінде, өзінің кіндік қаны тамған көшелерін сағынғандығы соншалықты оған арнап жыр-шумақтар оқыған екен.

«Отан» сөзінің түбірі араб сөзінен туындайды. «Ел,жұрт» деген ұғымды білдіреді.Отанға деген махаббат адами қасиеттердің бірі болып табылады. Бұған «Отанды сүю-иманнан» деген хадис шәріп дәлел бола алады.Өйткені Ислам діні Отанды сүюді иманның бір бөлігі деп санайды.

Имам Бұхари,Имам Термизи,Әбу Ләйс Самарқанди,Бұрханиддин Мәрғинани,Әбул Мұғин Нәсәфи т.б.с. сияқты исламның танымал тұлғалары отанға деген шын сүйіспеншіліктерінің әсерлерінен өз шығу тектерін кіндік қандары тамған жерлерінің аттарымен байланыстырулары да бекер еместігін аңғарамыз.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Бәкірмен (р.ғ.) бірге Мәдина қаласына хижрат қылып кетіп бара жатқан кездерінде артына бұрыла қарап(Меккеге): «Егер қауымым мені өзіңнен шығып кетуіме мәжбүрлемегенде,өз еркіммен сені ешқашан тастап кетпеген болар едім»,деген.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде: «Бір түн отан күзету-бір ай бойы ұстаған нәпіл оразадан,және оқылған түнгі намаздан абзалырақ»,деп түсіндіріледі.

Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады.

Ғұламалардың бірі айтқан екен: «Әр бір адамға белгілі болғанындай өмірде ең сүйген,қадірлі,бағалы саналатын төрт нәрсесі бар.Бұл төрт нәрсеге ие бола алмаған адамдар адами жақсылықтардан мақрұм болғандар.Олар: Азаттық немесе еркіндік,еңбекпен тапқан дүниесі,отаны және діні.

Әрбір жанұяда ұл бала өмірге келетін болса,ата-анасымен бірқатарда оған отанымыз да сүйсініп,шаттанады екен. Өйткені ұл бала ертең ата-анасын, жанұясын ғана емес ,бүкіл халқын, Отанын қорғау жолында да өз үлесін қосатын азамат болып саналады.

Ұлт жанашыры  Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деген ұлағатты сөз қалдырған.

Демек Отанға деген сүйіспеншілік ел игіліне жасаған жақсылықтармен өлшенбек. Әлі күнге есімдерін ел құрметтеген әл-Фараби, Иүгүнеки, Баласағұн, Ясауи, Бақырғани, Кердерілер – бәрі де отанды гүлдендірген, елге, жерге адал қызмет еткен жандар еді. Құранда ешбір жақсылықтың бекерге кетпейтіндігі, Алладан сауап жазылатындығы айтылған:

 «Кімде кім тозаңдай жақсылық жасаса, міндетті түрде сауабын алады».

Мешіт-медреселердің бүгінгі күні ізгі жандардың қолдауымен қайта жандана бастауы да туған елге, отанды гүлдендіруге деген ниеттің көрсеткіші. Алла Тағала оларды шексіз сый-сыяпатына бөлесін.

Отан тақырыбы қазақ ақындарының жыр арқауы. Ақиық ақын Мұқағали:

Отан

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Отан!

Отан!

Бәрінен биік екен.

Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.

Отанды сүймеуің де күйік екен,

Отанды сүйгенің де күйік екен.. деп жырға қосқан

Отан ең қымбат сөз! Қаншама ғасырлар мен замандарда бабаларымыз жер үшін, отан үшін қан төкті. Туған Отандарына деген махаббатын паш етті.

Қасиетті қазақ даласы біздің отанымыз. Отанымыз тыныш болсын!

 Нұрлан Саматұлы,

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы.