Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент қаласында жастармен кездесті.
Жастар ресурстық орталығында «Деструктивті діни ағымдардың іс-әрекеттерінен сақтандыру» тақырыбында өткен форумда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өкінішке қарай, бүгінде Ислам атын жамылған діни ағымдар пайда болды. Ақпараттық ашық заманда кейбір жастарымыз діни ағымдардың ақ-қарасын ажырата алмай, олардың идеологиясына еріп кетуі мүмкін. Осы ретте діни мәселеге, діни ағымдарға қатысты сұрақтар туындаса, Діни басқарма жанындағы Діни оңалту бөлімінің мамандарына, жалпы мешіт имамдарына хабарласуларыңызды сұраймын. Бұдан бөлек Діни басқарма жанында тәулік бойы жұмыс істейтін діни ақпарат беру орталығы бар. Кез-келген уақытта хабарласып, жауап аласыз. Мүфтият жастарды жат ағымдардың теріс идеологиялық ықпалынан сақтандыруға бар күшін салады» деді.
ҚМДБ Төрағасы сонымен қатар жастарды жастық шақты білім алуға, ата-ананы, ұстазды қадірлеуге, жақсы істерге арнауға, Отанға қызмет етуге шақырды. Сонымен қатар салт пен дәстүрімізге құрмет көрсетуге үндеді.