Бүгін, қасиетті жұмада Шымкент қаласында жаңа мешіт ашылып, жамағат игілігіне берілді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құлшылық үйінің ашылу рәсіміне қатысып, игі тілегін білдірді.
«Біз әрдайым мешіттеріміздің ғибадат орны ғана емес, сондай-ақ діни-рухани орталыққа, қайырымдылық пен мейірімділік мекеніне айналуын мақсат етеміз. Осы бағытта қызмет етіп келеміз. Мешітке келген адамның жүрегі тыныштыққа бөленеді. Рухани әрі материалдық тұрғыдан көмек іздеген адам мешітке келеді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Кімде-кім Алланың разылығын қалап мешіт тұрғызса, Алла Тағала оған жәннатта сондай үй тұрғызады» деген сүйінші хабар жеткізген. Жаратушы Иеміз мешіт салған, оған үлес қосқан барша адамға мол сауаптан жазғай. Үзілмейтін сауапты амалдың жақсылығына кенелгей. Әмин!» деді ҚМДБ Төрағасы.