БАС МҮФТИ ОРАЛ ӨҢІРІНІҢ ИМАМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңір имамдарымен кездесті.

Бас мүфти жиында дін қызметкерлері, имамдар мен ұстаздардың асыл дініміздің айбынын асыру жолындағы қызметіне сәттілік тілеп, имамның рухани жетекші екенін алға тартты.

“Жамағат сіздерге ұйып, құлшылық жасайды, сіздердің сөздеріңізге құлақ асады. Сондықтан біз, дін қызметкерлері, имамдар мен ұстаздар, әрдайым рухани жетіліп отыруымыз керек” дей келе Астана қаласында өткен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбындағы V республикалық имамдар форумында дін қызметкерлерінің жұмысын жетілдіру бағытында бірнеше маңызды құжаттар қабылданғанын алға тартты.

“Аллаға шүкір, имамдарымыздың діни және ұлттық құндылықтарды дәріптеп, діни құлшылықтарды шариғат талабына сай атқарып келеді. Діни рәсімдерді бірізділікпен өткізуде де дін қызметкерлері ауқымды жұмыс атқаруда. Алайда қазіргі заман ағымын алып қарасақ, бүгінгі қоғамның беталысын бағамдасақ, бұл жұмыстар жеткіліксіз. Қазіргі заманда имамдар діни рәсімдерді атқарушы ғана емес, қоғамды тәрбиелеуге үлес қосатын ағартушы ұстаз болуы керек” деді Наурызбай қажы Тағанұлы.