БАС МҮФТИ ҚОСШЫ МЕШІТІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ЖҮРГІЗДІ (ФОТО)

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласындағы «Бөгенбай батыр» мешітінде жұма намазын жүргізді.

Бас мүфти күндердің сұлтаны жұмада мешітке жиналған жамағатқа жат ағым зардабы, бөлінудің зияны, бірлік пен білім алудың пайдасы туралы тұщымды уағызын жеткізді.

«Асыл дініміз Ислам адамзатты бейбітшілікке, татулық пен бірлікке, ғылым-білімге, өзара мейірімділікке насихаттайтын дін. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын әркез бірлікке үндеп, жік-жікке бөлініп, дұшпандық қылудан сақтандыратын. Хадис шәріпте: «Ұлық Алла Тағаладан қорқыңдар! Егер сендерге құл әмір болса да, оны тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар. Расында, араларыңдағы көп өмір сүргендер көп ұрыс-керіске (фитнаға) тап болады. Сондықтан сендерге еш ауытқымай менің сүннетімді және дұрыс жолмен жүрген діндар халифалардың сүннетін ұстану керек», – деп айтқан. Бұл хадисінде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына дінді бұрмалаушы ағымдардың шығатынын ескертіп әрі олардан сақтанудың жолдарын баяндаған. Қазіргі күнде де әр мұсылманның дінінде берік болып, дінбұзар жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтанып жүруі аса маңызды. Жат ағымның теріс насихатына ермес үшін әрбір адам мынадай амалдарға назар аударуы тиіс:

Бірінші: Дінді білім арқылы тану;

Екінші: Бірлікте болу;

Үшінші: Дәстүрімізді құрметтеу.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы да ашық әрі айқын. Біз ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұстанып келген «Әһлу сүннет уәл-жамағат» жолын, Матуриди ақидасын, Ханафи мәзһабын ұстанамыз. Қазақстан аумағындағы барлық мұсылмандарды береке-бірлігіміз сақталып, түрлі ағымнан сақтануымыз үшін осы ұстанымда болуға шақырамын» деді Бас мүфти.

Жұма намаздан соң ҚМДБ Төрағасы Қосшы жамағатымен бірге елдің бірлігі мен жамағаттың тұтастығы турасында дұға жасады.