Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында елдің рухын көтеретін керемет жаңалықпен бөлісіп, әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылғанын жеткізді.
«Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан-қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды» деді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы кез келген өркениетті ел өзінің тарихи мұраларына зор құрметпен қарайтынын, оны қастерлеп, мұражайға немесе басқа да арнайы орындарға қоятынын айта келіп: «Біз де бабалардан мирас болған әрбір жәдігерді қадірлеп, сақтай білуіміз керек. Осы Құранды жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына табыс етеміз. Өйткені бұл – бүкіл елге ортақ қазына», – деген болатын. Жақында қазақтың қос алыбының қолының табы қалған Құран кітабы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына салтанатты түрде табысталды.
Еліміздің рухани өміріндегі айтулы оқиғаға айналған Марал ишан мен Кенесары ханнан мирас боп жеткен Құранды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, мүфтиятқа арнайы әкеліп табыстады. Ерлан Тынымбайұлы халқымыз үшін қастерлі кітапты көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау маңызды міндет екенін атап өтті. Мемлекеттік кеңесші көне кітапты отандық және шетелдік жоғары білікті, тәжірибелі мамандар толықтай зерттеп, бәрі бірауыздан Құранның Кенесары ханға тиесілі екенін анықтағанын жеткізді.
Құран кітабы ХVІІІ ғасырда жарық көрген екен. Түпнұсқа қолжазбасы шығыстық қатты мұқабамен түптеліпті. Көлемі – 16х23 см, бет саны – 744. Кітап ақшыл-сары түсті беттен тұрады. Әрбір бетке 12 жолдан Құран аяттары жазылыпты. Салтанатты іс-шарада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин:
«Көркем безендірілген парақтардың басы, ортасы және соңы қолмен жазылған. Сондай-ақ парақтар алтын, көк, жасыл және қызыл түсті өсімдік суреттерімен әдіптелген. Ал әр жолдың арасы алтын жалатылған сынаппен көмкерілген. Қағаз бен сия пигменттеріне жүргізілген химиялық-технологиялық зерттеу жұмыстары олардың XVIII ғасырдағы Шығыс қолжазба кітаптарын жасауда қолданылатын материалдармен бірдей екенін көрсетті. Құран қолжазбасы мен мөрлер бояуларының құрамына зерттеу жүргізу барысында олардың ХХ ғасырдың ортасына дейін қолданылған бояғыш заттан жасалғаны анықталды. Құран қолжазбасының ортасында қазақ тілінде «Қазақ ханы Кенесары. Оған Алланың көмегі болсын. Аллаға үміт артқан (Аллаға қайтатын) кедей құлдың дұғасымен. Мулла Марал ибн Құрбан баба…» деген жазу мен Ишанның мөрі бар. Қасына Кенесары ханның да мөрі басылған», – деп түсініктеме берді. Құранның қандай ұқыптылықпен, көркемдікпен жасалғанын осыдан-ақ байқауға болады.
Алдымен Марал ишанның, кейін Кенесары ханның қолында болған бұл Құран кітабы ұзақ уақыт бойы шетелдегі жеке адамдардың қолында болған көрінеді. Енді міне, Алланың қолдауы, ұлт жанашырлары – меценаттардың арқасында қасиетті кітап Қазақстанға қайтарылып отыр. Құранның елге жетуіне жәрдем берген меценаттарға Алла разы болсын!
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай кезінде: «Құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал. Сондықтан Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын. Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік», – деген болатын. Шынында Кенесары ханның қасиетті Құранының табылып, елге қайтарылуын елдігіміздің, бірлігіміздің беріктігінің белгісі деп қабылдадық. Елдің еңсесін тіктеп, рухын көтеретін осындай жаңалықтар лайым көп болсын! Алла Тағала бізге Кенесары ханның заманындай елдің имандылығын нәсіп етсін!
Атақты Абылай ханның немересі, ұлт-азаттық көтеріліс жетекшісі Кенесары Қасымұлы – қазақ үшін аяулы, қадірлі тұлға. Ол қайсар қолбасшы ғана емес, парасатты басшы болды. Ол азаттық үшін арпалысты, тәуелсіздік үшін тіресті. Оның арманы атасы Абылай билеген Қазақ хандығын қалпына келтіру болатын. Халықтың басын қосып, жаңа экономикалық, саяси бастамаларды қолға алды. Мал өсіретін аймақтарға зекетті, егіншілікпен айналысатын өңірлерге ұшырды енгізді. Шариғатқа негізделген салық саясатын қалыптастырды. Сот істерін де шариғат бойынша жүргізді.
Алайда Кенесарының күш алуына, Қазақ хандығының қайта бой көтеруіне мүмкіндік берілмеді. Кенесары хан елдіктің жолында, болашақтың бақыты үшін құрбан болды. Өмірінің соңына шейін тақымы аттан босамады, қылышы қынабына енбеді. Қазақтың азаттығы үшін күресті, сол жолда жан тапсырды. Сондықтан біз Кенесары ханды ұлтты сүюдің, қазаққа қызмет қылудың, бостандық жолында басын бәйгеге тігудің нағыз үлгісі ретінде танимыз. Содан болар, Мемлекет басшысы «Кенесарының Құраны табылды» деп сүйінші хабар жеткізгенде жүрегіміз жарыла қуандық. Ал ол Құранды атақты Марал ишаннан сыйға алғанын естігенде одан бетер сүйсіндік. Себебі Марал ишан да – қазақтың ірі тұлғасы.
Марал ишан дін қайраткері ғана емес, ұлттың жоқшысы болды. Ұлт-азаттық көтерілістің бел ортасынан табылып, рухани көшбасшыға айналды. Хан мен ишанды қазаққа деген жанашырлығы жақындастырды. Марал ишан мен Кенесары ханның туыстық байланысы да болды.
Абылай ханның қалмаққа тұтқынға түсіп, кейін Қалдан Сереннің оған бостандық бергені тарихтан белгілі. Қалдан Серен жай босатып қана қоймай, ат-тон айыбы ретінде Абылайға екі қызын беріп, мол дүние-мүлік сыйлаған болатын. Абылай хан елге келген соң Қалдан Сереннің бір қызын өзі әйелдікке алып, екіншісін сенімді серігі һәм емшісі Құрманға қосады. Абылайдың сол қалмақ әйелінен Қасым сұлтан туса, Құрманның қалмақ әйелінен Марал өмірге келді. Сонда Қасым сұлтан мен Марал ишан бөле болады. Демек Қасымның ұлы Кенесары мен Құрманның ұлы Маралға рухани жағынан ғана емес, қан жағынан да туыс деген сөз.
Маралдың әкесі Құрман Кенжебайұлы діндар ғана емес, Абылай ханның батырларының бірі болды. Абылайдың Қалдан Сереннің бір қызын Құрманға қосқанынан-ақ екеуінің қандай жақын болғанын байқауға болады. Осы әйелінен Құлжа, Арал, Марал деген үш ұл өмірге келді. Марал Құрманұлы Жалаңаяқ ишанның медресесінен он жыл білім алып, ишан атанды. Елге келіп, имандылық нұрын себеді. Мешіт-медресе салдырып, діни ағартушылықпен айналысты.
Әкесі Құрман секілді Марал да қайсар жан болды. XIX ғасырдың 30-жылдары ұлт-азаттық көтеріліс ұйымдастырып, қазақ жеріне орыс бекіністерінің салынуына қарулы қарсылық білдірді. Кейін Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісіне қосылып, көтерілістің рухани көшбасшысы атанды. Керемет қасиеттерімен Кенесары әскерінің жеңіске жетуіне ықпал етті. Міне, осындай елдің екі ірі тұлғасының саусағының табы қалған Құран кітабының елге оралуын бізге бұйырған бақ деуге болады.
Біздің қазақ қасиет тұтатын дүниенің бірі – Құран Кәрім. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әй, адам баласы! Сендерге Раббыларыңнан дәлел келді. Сондай-ақ сендер үшін бір ашық нұр (Құран) түсірдік», – деген («Ниса» сүресі, 174-аят). Құран Кәрім – Алла Тағала тарапынан түсірілген, үкімі Қияметке дейін жалғасатын, адамзат баласы үшін берілген ұлы сый. Алла Тағала: «Біз саған әр нәрсені баяндайтын және мұсылмандар үшін тура жол, мейірім және сүйінші ретінде Құранды түсірдік», – деген еді («Нахл» сүресі, 89-аят).
Шынында Құран – тура жол, бағдаршам іспетті. Кімде кім Құранның ақиқатын мойындап, оған шынайы махаббатпен ерсе, жан-дүниемізді байытып, рухани кемелденуімізге жол ашады. Хазреті Османның (оған Алла разы болсын): «Жүректерің тазарған болса, Жаратушының сөзі Құранға тоймайтын едіңдер», – деген сөзі бекер емес. Себебі Құран өзін құрметтеп, әрбір аятына амал еткен адамды екі дүние бақытына жетелейді.
Құран бұл дүниеде адамға тура жол көрсетсе, ақыретте шапағатшы болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандар үшін шапағатшы болады», – деген (Мүслим). Алла Тағала Құранда: «Бұл (Құран) – біз түсірген мүбәрак кітап. Енді соған еріңдер, тақуалық жасаңдар. Мейірімге бөленесіңдер», – деген. Сондықтан бабаларымыз Құранды қасиет тұтып, оған амал етіп, тақуалығының темірқазығына айналдырған.
Әйгілі Бұқар жырау: «Тәңірім сөзі Фұрқанды айт, Кәләм Алла – Құранды айт», – деп жырласа, хәкім Абай: «Құран рас, Алланың сөзі дүр ол», – деп қасиетті кітапты өлеңіне арқау еткен. Асыл дінімізді қадірлеп, Алланың сөзін әспеттеген бабаларымыз Құранды құрметтеп, төрге қойған. Оны көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Кенесары ханның Құранының да екі ғасыр бойы сақталып, бізге аман-есен жетіп отырғаны – осының дәлелі.
Біз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Қасым-Жомарт Кемелұлының бізге сенім артып тапсырған аманаты – Марал ишан мен Кенесары ханнан жеткен құнды жәдігерді салтанатты түрде қабылдап алдық. Көне кітапты толық дезинфекциялап, реставрация жасатып, көшірмесін дайындау үшін Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына табыстадық.
Құнды жәдігер қалпына келтірілген соң, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылады. Екі ғасырлық тарихы бар жәдігерді қариларымызға оқытып, сауабын Кенесары хан мен Марал ишан бабаларымызға бағыштамақ ниетіміз бар. Бұл іс-шара дәстүрлі дініміздің мәртебесі артып, халқымыздың санасының ізгілікке өзгеруіне ықпал етеді деген сенім мол.
Ұлт мүддесі үшін күрескен кемел тұлғаларымызды, олардың елге сіңірген еңбегі мен ерлігін дәріптеу – біздің парызымыз. Біз былтыр Кенесары Қасымұлының 220 жылдығына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Жақында Қостанай қаласындағы «Марал ишан» мешітінің 130 жылдық мерейтойын атап өттік. Алла қаласа, биыл ҚМДБ-ның ұйытқы болуымен Марал ишан Құрманұлының есімі мен еңбегін жан-жақты зерттеп-зерделеу мақсатында ғалымдардың қатысуымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Алла Тағала қолға алған бастамаларымызды баянды етіп, қасиет қонған еліміздің келешегін жарқын қылғай!
Еліміз Құранның нұрымен нұрланып, жақсылықта қауышу нәсіп болғай! Қайта оралған ортақ қазына, тарихи жәдігермен бірге елімізге құт-береке дарысын! Әумин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти