Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол деп үнемі айтып жатамыз. Әйткенмен, бөтен елде сұлтан болып, өз еліңнің мақтанышы болсаң нұр үстіне нұр емес пе? Осы сөзімнің дәлелі көзсіз ерлік пен өз заманының озық жасағын құра білген қабылетті қолбасшы, Ислам құтқарушысы атанған, ана тілінде сөйлеп, ата дәстүрін сақтаған, Атырау жерінің даласында еркін өскен дала баласы – Рукнуддин Байбарыс әл-Бундуқтари. 14-15 жасынан құлдыққа түсіп, құлдардың ішінен бағы жанған – бала Байбарыс. «Алмас қылыш қап түбінде жатпас» дегендей сол замандағы Мысыр мен Шам сұлтаны Наджмуддин Аюптың назарына ілігіп, оның әскер қатарына қосылып, 40 қамал алған – батыр Байбарыс. Әділет пен адалдығын жоғалтпаған, асқан сақтығына қарамастан ел қамы үшін керек кезде көзсіз тәуекелшіл бола білген, пирамида үстіне киіз үй тіккен асқақтаған абыройына масаттанбай қарапайымдылығын сақтай білген – Мәмлүк билеушілерінің ішіндегі ең даңқты Байбарыс. Өле-өлгенше дін жанашыры болып, алғашқы діни оқу орнын салып, мұсылмандарға қамқорлық көрсеткен – дін қорғаушысы Байбарыс.
Ия, батыр бабамыз Байбарыс қазақ жерінен Мысыр жеріне құл болып түскен уақыттан билік басына жеткенше бірнеше жетістікке жетіп, әр бағындырған белестеріне сай Байбарыс атына бірнеше атаулар қосылған. Мысыр мен Шамды қамтыған билік иесі Байбарыстың ресми толық аты-жөні – қаһарлы патша, кейіннен нағыз патша, айбатты арыстан, Абулфутух Рукнуддин уа дуния Байбарыс бин Абдулла әл-Бундуқтари ас-Салихи ан-Наджами ал-Аюби әл-Ханафи ат-Турки. Осы қосылған есімдерінің бірі – әл-Ханафи мен Рукнуддин есіміне толығырақ тоқталып кетсем деймін.
Жалпы, «әл-Ханафи» есімі сұлтанның ислам дінінің Ханафи мәзһабын ұстанушысы екендігін көрсетеді. Ал Рукнуддин есімі «Рукн» cөзінен шыққан. Бұл сөз арабшадан аударғанда негіз, тіреу деген мағынаны білдіреді. Яғни,бұл есімнің мағынасы Рукнуддин – дін тірегі, қорғаушысы деген мағынаға саяды.
Расымен, сұлтан Байбарыс өз халқының тек қана материалдық жағдайына ғана емес,сонымен қатар, діни білімдерін арттыруларына, адами қасиеттерін жоғалтып алмауларына аса мән беріп, көп үлес қосқан. Ибн Касир ол туралы: «…Шарап ішуге тыйым салды. Жезөкшелікті тыйды. Күш-жігер, қуатын жемқорлық, кесір мен бұзықтықты тыюға жұмсады»,-деген. Тарихшылар Байбарыс сұлтанның ораза кезінде 5000 адамға ауыз ашар беретіндігін айтқан. Сонымен қатар, жетімдерге аса қатты мән берген. Оларды тек тамақ, киіммен қамтамассыз етіп қана қоймай, діни сусындаулары үшін медресенің жанынан жетім балаларға арналған құран оқыту мектебін ашқан. Ал араб тарихшысы Ибн Шаддадтың: «Байбарыс бес уақыт намазын жолға шықса да қаза етпейтін. Ол қасындағы мәмлүктерге арнайы мұғалім тағайындап, бірге намазға жығылатын имамдарына дейін сайлайды»,-деген сөзінен сұлтанның өзі Алланың парыздарына ыждағаттылықпен қарап, сонымен бірге, қол астындағылардың да дін үйренулеріне үлес қосқандығын көре аламыз.
Одан бөлек, тек өз қарауындағыларға ғана емес, барша Ислам жамағаты үшін үлкен іс атқарды. Моңғол шапқыншылығының нәтижесінде халифаттың жойылуы, Мекке басшысының татарлармен ауыз жаласуы салдарынан Мекке мен Мәдинаға қажылықты 12 жылға созылған үзілістен соң сұлтан Байбарыс қайта жандандырды.
Байбарыс сұлтанның мұсылман жерлерін барынша дінсіздерден тазартып, діннің қайтадан бүршік жаруына қосқан үлесі орасан. Сәйкесінше, «Рукну-д-дуния уа-д-дин» – Дүние һәм дін тірегі сұлтан Байбарыстың ресми, әрі атқарған еңбегіне лайықты алған титулы болып саналады. Сұлтанның бұл титулы Каир қаласындағы Байбарыс медресесінен біздің заманымызға жеткен бөлігінде, Байбарыс мешітінің қақпасында бекітілген тақтайшада және Каирдың әл-Хусейния ауданында орналасқан Ислам өнері музейінде Байбарыс сұлтан динарларында қашалып жазылған.
Жоғарыда жазып кеткенімдей, сұлтан Байбарыс тек қана әскер басқарып, жетімнің басынан сипап қана қоймай, Мысыр елінің сәулет өркениетіне, Ислам өркениетіне өшпестей із қалдырды. Ол басып алған немесе қайтарып алған елді мекендер мен қалаларда кем дегенде бір мешіт салдырып отырған. Мысыр мен Шамның қалалары мен ауылдарына мешіттерден бөлек медреселер мен салтанатты сарайлар, тұрғын үйлер көтерген. Медреселердің жанынан жетімдерге арналған тұрғын үй жасап, тамақтарын беріп, жылына екі мезгіл киім беріп, жетімдерге қамқорлық көрсету арқылы, мешітке жақындату арқылы жүректеріне имандылық дәнін себе білген. Сонымен қатар, Иерусалимдегі атақты креске керілген Иисус шіркеуін шағын мешітке айналдырған. Онымен шектелмей, Халил (Хеврон) қаласында Ибраһим пайғамбардың мешітін жөндеуден өткізіп, есік-терезелерін түзеп, едендеріне тас төсеген. Тағы бір атап өтуге лайықты дініміз үшін қосқан үлестерінің бірі – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинадағы күмбезін және Иерусалимдегі Қубба ас-Сахра мешіттерін жөндеуге ат салысқан. Қасиетті жерлерді кері қалпына келтірумен ғана айналыспай, сұлтан Байбарыс өз медресесін де салған болатын. Өкінішке орай, бұл Байбарыс медресесінің тек қақпасы ғана сақталған. Дәл осылай медресе салып, мешіттерді жаңғыртуының өзі асыл дінімізді өркендетудің, дінге шақырудың нәтижелі әрекеттері болды. Байбарыс бабамыз өз заманында Ислам діні үшін, Аллаға деген иманды өз халқының жүрегіне орнықтыру үшін, өзі кеткен соң да Ислам діні жас буынның санасында жаңғыра беруі үшін қолынан келген бар мүмкіншілігін жасады.
Сұлтан Байбарыс Каир қаласында Ислам әлеміндегі, бәлки дүниежүзіндегі алғашқы діни оқу орны болып саналатын әл-Азһар («Жарқыраған мешіт») университетінің мешітін қалпына келтіріп, құтпа орнатқан. Бұл оқу орны бүгінгі күнге дейін бүкіл әлем бойынша дін үйренуге ниетті қаншама бауырларымызға дінмен сусындауға септігін тигізуде.
Одан кейін Каир қаласының сыртқы жағында салдырған мешітін ерекше атап өтуге болады. Сұлтан өз атынан мешіт соғуға ниеттеніп, мешітке лайықты жерді өзі таңдайды. Және бұл мешітті сол заманғы ең үздік құрылыс тәсілдерімен, ең қымбат құрылыс материалдарымен тұрғызған. Бірақ уақыт өте келе мешіт әр түрлі мақсатта қолданылып азып кеткен. Мәселен, Наполеонның Мысырға жасаған әскери жорығы кезінде француз әскері мешітті қорғаныс ретінде пайдаланса, Мұхаммад Әли деген Мысыр билеушісі кезінде әскери казарма ретінде, ал ағылшындар наубайхана ретінде пайдаланған . Әрине, сұлтан Байбарыстың дінге деген жанашырлық ретінде салдырған мешітінің дінге қызмет етудің орнына осындай қызметтерден кейін әбіржіп кетуі расымен жүрегінде иманы бар кез келген мұсылманның жанына батары анық.
Сұлтан Байбарыс дінге қызмет ету, соның ішінде, мешіт пен медресе салдыру, қайырымдылық жасау бұл дүние үшін, яғни өз қарамағындағы халқы үшін, өскелең жас ұрпақ үшін қаншалықты маңызы бар іс екенін біліп, аса көп көңіл бөлген. Барлық салдырған құлшылық мекендерін керек-жарақтарымен, онда қызмет еткендерді киім-кешек, тамақпен, жалақымен қамтамассыз етіп отырған. Сұлтанның бұл әрекеттерінің барлығын шариғатта «уақып» деп атайды. Уақып Алла жолында жасалатын жақсылықтардың бірі. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Адамдар қайтыс болған кезінде бүкіл амалдары тоқтатылады. Бірақ үш амалдың сауабы тоқтамайды. Олар: жалғасын тапқан садақа, пайдалы ілім және артынан дұға ететін салиқалы ұрпақ». Осы хадистен оқығанымыздай уақып болып саналатын, сауабы тоқтатылмайтын үш амалды Байбарыс сұлтан үнемі атқарып отырған.
Жалпы, Мысыр үкіметі бұл тарихи мұраны қалыпқа келтіруді 1960-жылдары бастаған. Мешітті қалпына келтіру ниеттеріне қарамастан қаражаттың жетіспеушілігі себебінен мешіт жөндеу жұмыстары бір басталып, бір тоқтап қалып жүрді. Қазақстан тәуелсіздігіне қол жеткізген соң бөтен елде сұлтан болса да, өз елінің ұл-қыздарына әлі күнге дейін діни сауаттарын жаңғыртуға септігін тигізетіндей із қалдырған дана, әрі батыр бабамыз Байбарыстың мешітін жөндеуге ат салысып, мүмкіндігінше қаражат бөлді. Екі елдің осы ынтымақтастығының нәтижесін мінеки биыл, яғни, сұлтан Байбарыстың дүниеге келгеніне 800 жыл толуына орай куә болып жатырмыз. 8 ғасыр бұрын іргетасы қаланған «Сұлтан әз-Захир Байбарыс мешіті» қайта жөнделіп, 2023 жылдың маусым айының 4 жұлдызында салтанатты ашылуы өтті. Бұл күн Қазақ халқы мен Мысыр елі үшін ерекше есте қаларлық, мән мен мағынаға толы күн болғаны анық. Дін мен рухани дамудың, ғылым мен білімнің ордасы болған, дін жанашыры бабамыздан қалған іздің кері жаңғыруы әр қазақ үшін қуанышты жайт екені сөзсіз.
Қазіргі қоғамда да артынан бос сөз емес, осындай ұлы істер мен белгі қалдыруға тырысатын азаматтарымыз көбейе берсе, әрине ұлтымыздың болашағы жарқын болар хақ. Күнделікті тіршілікпен ғана өмір сүре бермей, бабамыз Байбарыстай Алланың разылығы үшін жасалынатын істермен айналысып, дінімізге адалдықпен қызмет ететін азаматтарымыз артса, дініміздің де деңгейі арта берер еді.
Осы тұста Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының жанынан қазіргі уақытта уақып қоры ашылғандығын айта кетуді жөн санадым. Әрине, Алла ризалығы үшін деп жақсы іске ниет қойып жүрген бауырларымыз да аз емес екеніне сенімдімін. Қайырымдылықты неден бастарын білмей жүрген игі ниетті жандарға осы уақып қоры жақсы бастама болары анық.
Ия, қазақ жерінде домалап өскен, рухы мықты жасөспірімнің жат ел Мысыр мен Шамды даналығымен бағындырып, батылдығымен жауларын тентіретіп, әділдігімен халықтың ықыласына бөленіп, жанашырлығымен дінді көркейтуі, бөтен елде 17 жыл сұлтан болуы біз үшін мақтан тұрарлық іс. Мақтан тұтарлық адам.
Қорытып айтқанда, Байбарыс Исламның ең ұлы патшасы (Әл-Мақризи,
XIV-ғ. мұсылман тарихшысы)
Ар-Рахман мешітінің наиб имамы Наурыз Ибатұлы