ҚМДБ ғимаратында Қазақстан қажылық миссиясы мүшелерінің алғашқы жиыны өтті.
Жиын барысында Қазақстан қажылық миссиясының ұйымдастыру, үйлестіру бойынша жұмыстары пысықталды. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қажылық миссиясының ұйымдастыру, уағыз-насихат, алғашқы дәрігерлік көмек, пәтуа беру және ақпарат бағыттары бойынша атқаратын іс-шараларының маңызын айта келе: «Қажыларымыздың дұрыс құлшылық жасауы, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі өте маңызды. Сондықтан миссия құрамындағы жауапты қызметкерлер осыған аса мән беруі тиіс. Алла Тағала отандастарымыздың қажылығын қабыл етіп, елімізге аман-есен оралуын нәсіп еткей» деді.
Сонымен қатар ҚМДБ Төрағасы миссия өкілдерінің міндетін нақтылап, бес парыздың бірі саналатын қажылыққа мұқият дайындық жасауды тапсырды.
Айта кетейік, биыл конкурстық негізде 18 туроператорға жалпы саны 4000 қажылық орны бөлінді. Қажылардың алғашқы легі 15 маусымда қасиетті сапарға аттанады. Тасымалдау жұмыстары Астана, Алматы, Түркістан, Ақтау қалаларынан жүзеге асады. Қазақстандық қажыларға «Flynas», (Сауд Арабия Корольдігі), «Jazeera» (Кувейт), «Turkish Airlines» (Түркия) сынды халықаралық әуе компаниялары қызмет көрсетеді.